Өлеңдер ✍️
Маңғыстауға шақыру
Кім айтып жүр тағы тектес тарпаң деп,
Мен мертілдім нардың жүгін тартам деп.
Мендік көңіл: ақ дастарқан, ақ шағыл,
Бабам өткен бар қазаққа қалқан боп.
Кім айтып жүр сүймейді деп, сүйгенді,
Жыр сыйлады, əн тербеді, күй берді.
Жетім қозы жылап жүріп отығар,
Енді, міне, үндемеуді үйренді.
Мұнартады мың төбеге мұң тұнып,
Тілегіне нұр тұнып, теңізіне құм тұнып,
Таң атқанда күнді көрсең, бізді көр,
Көкке қарай келе жатқан ұмтылып.
Пірдің соңын өсіргенбіз біз баптап.
Бұлт боп көштің бұрынғыдан із жаттап.
Өлмеу үшін жаратылған – Маңғыстау,
Өрлеу үшін ұл туып жүр, қыз баптап.
Жыл жөргектеп, ай аймалап, тұр апта,
Я, Жаратқан, ақтың туын құлатпа.
Өлгенімді мүмкін менің көруің,
Өшкенімді көре алмайсың бірақ-та.
Біздің тілек боз қауырсын балапан,
Балапанға бақыт тіле, ала таң!
Маңғыстау ма?!..
Шындық қой ол шыңғырған!
Күннің бетін жаба алмайды алақан.
Жүрмеңіздер жат пиғылға теліп тек,
Жаным жайлау жатырқамай еніп кет.
Қазақ үшін жан беруге серт қылған,
Ел іздесең Маңғыстауға келіп кет!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter