Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  180


Автор: Сабыр Адай

Жаратқанға жаны ғашық болғанда

Қара түннің қою шашын жастанып,
Қаратау тұр, Хан ұлындай мастанып.
Мен қараймын жұлдызы жоқ аспанға,
Жұдырықтай жүрегіммен жасқанып.
Шамы сөнген бөлме сынды қап-қара,
Жұлдызсыз түн, айсыз аспан масқара.
Ниетінен тапқан шығар адамзат?
Тəңірімнен зауал келіп қасқаға.
Түн қараңғы, ұры-қары сымпыған.
Əр кеудеде жұлдызсыз түн – бір тұман.
Ағып-тамып келе жатыр адамзат
Майшелпегі ұрлап алған ұртынан.
ІІ
Қара түн мен қара ниет астасты.
Дүниені қара тау боп тас басты.
Бірін-бірі көзге түртіп көп соқыр,
Жол үстінде бас жарысып, қастасты.
Қастық болды, бар білері – дұшпандық.
Жерді жемсеп, көктен жатты құсты аңдып.
Күліп тұрып, біліп тұрып у берген
Əр жүректе – мың айлалы мыстандық.
Қайда кетті Темірқазық жұлдызым?
Кірпігіне түн ілдіріп тұр мұзын
Мен де мұзбын, сенің қайда жылуың
Менен кейін қандай болмақ ұл-қызым?!
ІІІ
Ей, адамзат, қара ниет, қап-қара
Басың дайын – отқа да һəм оққа да.
Жарық ізде – қанағат пен иманнан,
Бір Аллаға қолыңды жай, тоқтама!
Бар адамзат бір бақшаның гүліміз,
Оған куə – зеңгір аспан, ұлы құз.
Жүрегіңнен өз күніңді тауып ап,
Өзгелерге жарық сыйлап тұрыңыз.
Бауырың ғой барлық адам, қаның бір,
Маған солай сыбырлайды – жалын жыр.
Тəңір сыйы – қара жер мен көк аспан,
Қас-қабағын Жаратқанның бағып жүр.
Маған да жат – мəнсіз тірлік, саған жат,
Көз жасыңнан қалай іздеп табам бақ?!
Жаратқанға жаны ғашық болғанда –
Бірін-бірі сүйер еді-ау, адамзат!
* * *
Шаршады, Бапаң жырдан, жан қарағым.
Қақпасы – мендік жүрек бар даланың.
Көзіне бұл тірліктің шырақ жағып,
Сəн көріп, сəулесіне таң қаламын.
Құлыным, құлын-тайдай жүгіргенім,
Төрт қызым төрімдегі күнім – Менің!
Үш ұлым – үш құзар шың асқар тауым,
Шүкірмін!.. Жұлдыздардың біріндемін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу