Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  187


Автор: Сабыр Адай

Бауыры қатты дүние

Өртенген оттай арманбыз
Өртеніп, өксіп жанғанбыз
Қиғаштың бойы қызғыштай қиқулап əнге салғанбыз.
Ер көңілі елжіреп
Қыз жанары мөлдіреп
Тай-құлындай тебіскен барады жандар селдіреп.
Сарқып айтпай сырымды
Сағынған көңіл бұзылды
Кімдер қайта жасартпақ кірелеп тартқан ғұмырды.
Желіде бота желденді
Босанған күні сенделді
Бұйдасын түрген көп тағдыр көр аузына келді енді.
Боздаған көңіл тынар ма
Боздамаса шыдарма
Кетсем бе екен ілесіп қайыртпай көшкен мұнарға.
Аққан да жұлдыз құлады
Ай ақырын жылады
Өлу үшін атқан таң қайырын түннің сұрады.
Тəй-тəй басқан бөбек күн
Көкорай балғын желексің
Сүрінген күні дұшпан көп, көкем-ай кімге керексің?!
Бауыры қатты дүние
Күйіне берме, күйіне.
...Өз жараңды жалап жаз, иіле көрме, иіле!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу