Өлеңдер ✍️
Күштінің аузы қисық, сөзі дұрыс
Анау кім!?..
Аю сынды талтақтаған.
Табаны тас үгітіп, тал таптаған.
Күштінің аузы қисық, сөзі дұрыс,
Əлсіздің күні құрсын жалтақтаған.
Ел тонап ежеңдейді ұры-қары.
Ел отыр етек басып, құрып əлі.
Көзінен жас тамшылап көк бас таудың,
Көкжалдың қандай жаман ұлығаны.
Не қаласа бəрін де теңдеп бергем,
Туысым, туғанымда: «Сен!..» – деп келгем.
Жел айдаса қаңбақтың халі мүшкіл,
Алашты сақта құдай жендеттерден.
Алып жүр бізге қарап жат тынысын,
Сен байғұс не істедің сақтық үшін?!
Көршіге жарымаған ел болдық қой,
Көтерген күнде ақырып ақ қылышын.
* * *
Қар жамыла қалған екен мына қыр,
Жер ырысы бұ да бір.
Қалқам, кəне, қарға аунайық ақ төсек,
Өп-өтірік құла жүр.
Мен де келіп сəл сүрінген болмақпын,
Сəні қандай ақ торғынмен, сол бақтың.
Қыз бағасын ерте сездік дегенмен,
Қар бағасын кеш түсініп қорлаппын.
Қалтырайды қар жамылған қыр үсіп,
Қара боран келер сосын ұрысып.
Қолың тисе дəл осылай жет елге,
Қар үстінде ерініңмен жылытып.
* * *
Жанарыңнан жан сырыңды тамызып,
Үмітіңді қал үзіп.
Ең соңғы рет таңдайыма қатайын,
Ерініңнен бал үзіп.
Жанарыңның жасымен жу жүзімді,
Үміт солай үзілді.
Қаңқылдаған қаз барады төбеде,
Қайдан ғана сағыныш боп тізілді.
Қанатынан сорғалады сор жасы,
Өмір сол ғой болмашы.
Ал, ендеше жол ақысы жүрген-ді,
Қош, қалқатай, ондашы!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter