Өлеңдер ✍️
Жалғыз мола
І
Кеш гүлдеп шегіршін тал шегінеді,
Кигені қарлы қыстың кебін еді.
Құнан нар құм жайлаған елден шалғай,
Аяғын бір басуға ерінеді.
Тобылғы ырғай шыбық қара сіңір,
Жанымның тобылғымен жарасы бір.
Көлбеу қыр, көрнеу соқпақ, жалғыз мола,
Алаштың арды ойлаған баласы бір.
Ақ қырғын, қызыл қырғын, қанды бүлік,
Кеткен кез құл мен құтан, нарды жығып.
Басынан шырақ жағып құлпытастың,
Қарайды қара шəлі жалғыз үміт.
ІІ
Құлдық бар санамызда үргектеген,
Ел едім ерлігіме тіл жетпеген.
Белгісіз батыр дейді жалғыз мола,
Жалғанға кімдер келіп, кім кетпеген.
Жалғыз тұр жалғыз мола шалғай барып,
Сайрайды сары торғай таңдай қағып.
Өзгеше бір дауыстан жаным сергіп,
Барады құлағыма балдай жағып.
Тартады көл жасаурап, теңіз демін,
Менде сол көшкен бұлттай сезімдемін.
Көрсетпе бақ сыйласаң мырза Құдай,
Қазақтың қалғып-мүлгіп езілгенін
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter