Өлеңдер ✍️
Жалғыз жампоз
Ата қаздың қойқаңдауы көбейді,
Балапанға не дейді?!
Мама қаздың жақпай қойды жүрісі,
Өзін кімге теңейді?!
Ұясының кетті солай бірлігі,
Түлкі-қарсақ есепке алып жүр мұны.
Жем саларға шығып едім аулаға,
Жайрап жатыр бір күні.
Асқан састы, аңдыған жау келісті,
Ынтымақсыз ұя сəні теріс-ті.
Ата қаздың əулетінен бақ ұшты,
Тойлап жатыр түлкі-қарсақ жеңісті.
Өз бағыңды өзің қорлап тепсінбе?!
(Түлкі-қарсақ кетсін де)
Өз бағыңды қорлағаның тексіздік,
Бақыт құсы тұрақтамас тексізге!
(Баққа лайық жалғыз жампоз, тек, Сіз бе!?...)
* * *
Алғау қоғам,
Ала-құла, сұр күнім.
(Қарақшының халық сүймек ұрлығын)
Əн тілесең əз жырымды саяла,
Сəуле іздесең нұрлымын.
Шық жамылған шың басында бір шынар,
Соның өзі жыр шығар.
Өлең-жырды қазақ тастап кетті деп,
Екі бетін жел-жеңешем шымшылар.
Поэзия – періштелі таныс бақ,
Өсіп едің қарыштап.
Парасаттың падишасы, сұлтаны –
Барасың ба қазағымнан алыстап?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter