Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  128


Автор: Сабыр Адай

Мойындама

Өртенейін жалыныңнан бер тегі,
Түс пе, əлде, ертегі?..
Қоңыр қобыз менің кеудем зарыққан,
Заман күйін бəлкім бірге шертеді.
...Табылғандай ер теңі.
Қайда кетіп бара жатсың тоқтамай,
Аянышың жоқ қалай.
Жүрек көрсе шоққа басқан маңдайын
Күн күмілжіп, өтуші еді тоқтап ай.
...Тентегім-ай, сотқар-ай!
Төрт құбыла, түгел бердім қағанды,
Тұрғыза кет, ағаңды.
Тоқтама сен, қайырылма қарағым,
Біл осылай өз құның мен бағаңды.
...Мойындама заманды.
Сұлу қайда, дəл сол жерде тұр бақыт,
Жанарыңды бұр ғашық.
Көркің кетіп көңіліңді мұң басса,
Жырымды оқы, көз жасыңды құрғатып.
* * *
«Елім» деп бəрі емпілдер,
Мақтанса түндік желпілдер.
Уəделі іске келгенде
Антынан безіп, сертін жер.
Көзбенен айға барған ер
Сөзбенен жұмақ салған ер.
Ауыл-үйге айқайшы
Бармысың ай-хой жалған ер.
* * *
Аймалап таңды шаттандым.
Күнненмін, жұлдыз жақтанмын.
Мамырлаған маусыммын,
Шырыны бал шілдемін,
Əтірлі жұпар бақтанмын.
Əйтеуір шалқар шақтанмын.
Ата ғой таңым ақ мүсін,
Құлпыртып жердің жат түсін.
Шарайна тірлік төрінде
Шалқитын менің нақ тұсым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу