Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  136


Автор: Сабыр Адай

Елесімді тастайын..

Қалы бауға түр салдырған шеберім,
Саусағың бал, не дерім?!
Жүрегімде жүз құбыла жыр-дастан,
Жүзік қылып беремін.
Қара да жүр, мендік жырға үңіліп,
Кірпігіңе күн іліп.
Айдын көлден аққу мойын толғаса,
Сені іздермін жүгіріп .
Қалы басқұр, қалы кілем, қара нар,
Қандай біз де шама бар.
Көз жасынан жылға салған қолаттың,
Қоңыр үні бағалар.
Қайран шебер, қалы баудың сырласы,
Жолым үйде бір басы.
Екеу болсын елесімді тастайын,
Есіл жүрек жырлашы.
Қасың қандай жаңа туған ай сынды,
Құлын төбел, тай сынды.
Сұлу мүсін сұқты көзді байлады,
Басқа салмақ қай сынды.
Жез құманың еңкілдеді еріксіз,
Жез орамал беріп күз.
Ақ түбітке орап мөлдір сезімін,
Кеттік бірге еріп біз.
Қандай ғажап, мына сұлу тазалық,
Тал бойымды наз алып,
Маңдайынан таң мен талас көп сүйдім,
Қара түнді қаза ғып.
* * *
Əкенің көзі балада,
Белінен шыққан шарана.
Айдыннан ұшқан атақаз
Жеткізбек ұлын қараға.
Табаны тастан тілінер,
Талауға түсіп ілінер.
Əке бір деген асқар тау
Құлаған күні білінер.
* * *
Ындын ызғын, ызылдай ма, толмай ма,
Қанағатсыз өмір деген құрық бір.
Тау болған соң қанағатшыл болмай ма,
Төбе көрсе, төбесінен ұрып тұр.
Күшті болса қолын берсін аспанға,
Етектегі төбешікте несі бар?!
Неде болса көз шығарып, бас жарма,
Тау едің ғой, есі бар.
Сорлы төбе көрінгеннің ермегі,
Жарық-жарық маңдайы.
Ей, Тау-Ата, қорлай берме, Сен мені,
Төбелердің жан төзгісіз хал-жайы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу