Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  133


Автор: Сабыр Адай

Кетуім сол азап бір

Төбе бар-ды көп ойнаған бал күнде,
Сен де бізсіз қалдым де.
Көрші кемпір сонау жылы жылаған,
Сол төбеге бармайды деп жан мүлде.
Тарап кеткен тағы сынды айлақтан,
Қайран күнім ай баққан.
Маңдайыма шаңбақ салып есейтіп,
Қайда алып бара жатыр жайлап таң.
Саз төбеде жалғыз кемпір қосын-ды,
Қабағымнан шошынды.
Саз төбеден топырақ ап ұшықтап,
Жолға салды көңілі сəл бос ұлды.
Саз төбеден жалғыз кемпір қарап тұр,
Жалғызына балап тұр.
Туған жерге баруына барам-ау,
Кетуім сол азап бір.
* * *
Есалаң күз жапырағын күзеді,
Бұл бір дерт қой, бұрынғыдан із еді.
Орман іші
Құрақ көрпе секілді,
Қыс қырындап басып көрмек тізені.
Жалаңаш тал,
Сыптай болды дірдектеп,
Төбесінен құйын көшіп жүр көктеп.
Жапырақтар жаннан безіп ұшады,
Біздің жайды енді кімдер білмек деп.
Бүкірейген кəрі ағаштың сұлбасы,
Оған қайғы бір басы.
Бастарынан таяқ кетпес сорлының
Көктем келіп басталғанша жыл басы.
Өтті-кетті
Жаз жұпары аңқыған,
Қаптап алды көк аспанды бар тұман.
Көк құрақтың жыртық-жыртық етегі
Күні кеше самал желмен шалқыған.
* * *
Дарияның өткел бермес қарқыны,
Өтемін деп өліп бітті бар тірі.
Пенде байғұс
Не біледі ұрыншақ,
Құлдың құлдан жоқ қой ешбір артығы.
Тау мен тасқа ұрды сосын толқындар,
Қақ шекеміз қан-қан болып солқылдар.
Бар ақылын
Көздеріне жинаған,
Қайран пенде қашаннан да қорсыңдар.
Ағыс алып жағамыздан аунатты,
Таспен сыбап тағы сосын жау жатты.
Су ішінде
Сұқ саусақпен түрткілеп,
Құл мен құтан бір-бірімен дауласты.
Өңкей құлдар
Дау-дамайдан қалмады.
Бір-бірінің қабыртқасын талдады.
Дарияның жетпеді ме төзімі,
...Шеттерінен жалмады.
* * *
Жауыр болды жаным аға, құлағым,
Ұланым!..Бұла мұң!..
Жо-жоқ енді сұрағым.
Атса таңым, батса болды мына күн.
Қалды көке құр əлім,
Қайда менің, жанға дəру құраным!?..
Тау басында адастырды шынарым,
Жау қасымда қайда мойын бұрамын!?
Тек құлдықтан шыдадым.
Сарқыт бермек
Бас табақтан көсемдер,
Саясаттың тағып алған тұмарын.
Шаршадым ғой
Кімге барып айтамын,
Тыңдай-тыңдай көкектердің бұл əнін.
Қайырмасы
Неткен ұзақ құрығыр,
..Жарты жолда құладым.
Өтіріктен
Іші кеуіп заман тұр,
Ештеңе де айтпай-ақ қой шырағым?!..
...Құлағым.
...Құладым.
* * *
Құлайсың қанатыңды самғай қағып.
Ерисің əндей налып.
Көзіңнен үміт гүлін теріп отыр,
Мендей ғəріп.
Сен де бір батар күннің арайысың,
Жанымның сарайысың.
Біз үшін өткен күннің қызыл шоғы,
Біреудің бал-айысың!
..Бал-күнісің!
Жүректе қауырсының қалды құсым.
Кеш мені, барлығы үшін!?..
* * *
Іңгəлап жылағаны еркелігі,
Қайтесің ер жеткізіп ерте мұны.
Бөбегім, бүлдіршінім күлімдеген,
Ойнашы күн батырып, түніңменен.
Бала қыл, құлынымды еркелесін
Есейіп болмады деп жер тебесің.
* * *
Сенің жерің – сенің атаң, анаңмен,
Өзгелерге бір жайылған дастарқан.
Білсін мұны, мырза жігіт, жас, – тарпаң!
Сенің жерің – қарашығы көзіңнің,
Өзге үшін – жаудың малы ол деген.
Ата-анаңды сатқанмен бір, қолменен.
* * *
Көктемің қайда көздегі,
Сұлуды өртер өз демі.
Өртеніп оттан киіндің,
Күйінген жанға үйір мұң.
Сүйеніш болар шамам жоқ
Аядым, қалқам, амал жоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу