Өлеңдер ✍️
Ақ киіз
Ақ киіз аппақ əжем білектеген,
Оюлап безендірген жүрекпенен.
Ши тоқып,
Басқұр салған қайран ауыл,
Мен сенің көп түніңді күзеткен ем.
Маңырап қошақаным көгендегі,
Кеудемде көген-күннің көп өрнегі.
Аққу боп мамырлаған ауыл қайда,
Бұрқырап ақ төсінен өлеңдері.
Жұлдызы жымың қаққан бал белесім,
Тербеткен бала күннен жан кемесін.
Естімей өскен жаннан өлең күтпе –
Саз сырнай, сарнау қырдың əндемесін.
Ақ жаулық
Əжем менің – қарлы шыңым,
Ауылдың жетім көңіл, зарлысымын.
Кеудемді
Кер қалаға сүйреп келдім,
Ауылда жан жүрегім қалды шыным.
* * *
Көзіңнің мөлдір қарасын,
Көзмоншақ қылып барасың.
Елпілдеп гүл боп жайқалып,
Шықтанып көктен тамасың.
Тамшыдай ғана мөлдірім,
Таңдайға салар енді кім?
Көзімде қалды дидарың,
Құлақта қалды сендік үн.
* * *
Момақан ғана мойыл-ды,
Көркіңнен көзім тойынды.
Күнге де ұя кеудең бар,
Өрттен де ыстық қойын-ды.
Сұлу бір таңның жұпары,
Кетпепті бойдан құт əлі.
Көргенде сенің көркіңді,
Көңілдің оты тұтанды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter