Өлеңдер ✍️
Төс пен балға
Е, жалған-ай, мынау, əлгі, ұста шалдың
төсі менен балғасы,
Енді қандай бар бəсі.
Кемпірауыз жатыр, əне, қысқашы,
Өгіз өліп, сынып біткен арбасы.
Бөлек жатыр құрсауы,
Шеңберінен сөгілген,
Қалған куə не күннен?!
Қақпағы жоқ бүкір шеге қобдиша,
Иесі жоқ аяқасты төгілген.
Бір ауылдың бүтіндеген
Жыртығы мен жетпесін,
Ұста шалды көп іздеді кеткесін.
Бала күннен
Бұл да қалған бір елес,
Неге айтты деп таға көрме текке сын!
Біз есейдік!..
Балға болдық, төс болдық.
Кетті анау көріп байғұс көп қорлық.
Өмір деген
Жарты күлше нан екен,
Қашты-қуды ойнап жүріп
Жеп болдық.
Ұста шал да ұста еді,
Уақыт, шіркін, бəрінен де
Ұстарақ,
Қайта соқты мына бізді ұстап ап.
Көз алдымда
Балалық шақ, жаз-дəурен,
Ал, жүрекке бір өкініш қыстамақ.
Ұста шал жоқ,
Ұста өмір желкемде,
Желкелейді аяқ бас деп ертеңге.
Соның бəрін
Еске алып жатамын,
Домбырамды шертем де!
От жылтылдап көмейінен ошақтың,
Таранды да, сыланды...
Мен жəй ғана салып көрдім бір əнді.
«Өмір» – деген төс темірдің үстінде,
«Өлім» – деген қара балға тұр, əлгі!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter