Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  193


Автор: Сабыр Адай

Күн кешсін ерлер бітіммен

Біз өкше қайың бұраң бел,
Сұлуға енді шыдам бер.
Сыңсыған қайың, сырлысың,
Маған да сазды бір əн бер.
Көңілім күпсіп қағынды,
Аралай келдім бағыңды.
Сездің бе менің сұлу тал,
Сенделіп жүрген шағымды.
Саяңа құлап салқындап,
Мұңайдым үнсіз əн тыңдап.
Ер жолдасы шүкірлік,
Өмірдің дейді артын бақ.
Қанағат қайыр шүкірмен,
Аттандым асыл пікірмен.
Кейінгіні жау қылмай,
Күн кешсін ерлер бітіммен.
Сыңсыған орман солай деп,
Түнедім тауға жолай кеп.
Тау айтты: – «Кешір бəрін де,
Жау болу деген оңай» – деп.
Өсиет сөзді мұра ғып,
Өзіңнен есеп тұр алып.
Жақсылық тілеп баршаға,
Кешірдім сосын дұға қып.
Сайғақты мола құлазып,
Сығалап сайдан тұр азып.
Бітімсіз елден бақ қашпақ,
Мақтаншыл, кекшіл құл азып.
Саялар талды таң бар ма,
Аялап жанды барғанда.
Пенденің жеке дауы үшін,
Түспесін сызат балдарға.
Іздемең адал құлдан мін,
Жаманның бойы тұрған жын.
Орынсыз ашу, қызғаныш,
Өзімен кетсін Мұндардың.
Иманның ісі дау басу,
Имансыз келсе аула шу.
Ер еліне бітімшіл,
Ессіздің ісі жауласу.
Сыңғыр да сыңғыр бұла бақ,
Сыр айтып үнсіз жыламақ.
Көркеуде көрге кіреді,
Көрінгенді кінəлап.
Біз өкше қайың көк орман,
Көкталдан бірлік жоғалған.
Бірлігі кеткен орманның,
Жері жоқ, сірə, оңалған.
* * *
Өлеңнен қашқын сақтан да!
Өзге бір өріс, бап таңда.
Көрсеңіз інім өлең сол –
Қасқырды жатқан қақпанда.
Табаға салып қуырған,
Тағдыры солай туылған.
Тірілей іреп терісін,
Азуын сосын суырған.
Тағдыры тəлкек талайлы,
Өз қанын өзі жалайды.
Көкбөрі жырды көргем жоқ,
Жағалап жүрген сарайды.
Жыр жазба дедім кектедің!
Жанған да отқа беттедің.
Махамбет1 өлді бұл жырдан,
Сені де аяр деп пе едің?!..
* * *
Толмайды көңіл, толмайды,
Торықтым айтып ол жайды.
Жеңіліс ащы болмаса,
Жеңіс те тəтті болмайды.
Жұмылса саусақ қол мықты,
Жөніңмен сөйле орнықты.
Ауырған білер саулықты,
Əлсізден сұра зорлықты.
Сөз шықпас ердің тісінен,
Адаспа аршыл кісіден.
Болашақ жаудың көптігін,
Жалған дос айтар ісімен.
Намыстың құлы ер жігіт,
Сыйласар сырттай тең жүріп.
Көргенсіз жанға сенсеңіз,
Сыртыңнан жүрер жем қылып.
Жаманға қандай баға бар,
Жармасып иттей абалар.
Дос көріп ашқан сырыңды,
Жауыңа айтып табалар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу