Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  122


Автор: Сабыр Адай

Жазасын жаман алар тірісінде

Көрініп күндікшінің тілден мүгі,
Байқалды бақай есеп жүргендігі.
Əруағы өлілердің кешірмейді,
Жаласын тірілердің білген күні.
Көкбөрім азуыңды қайрадың ба?
Ит пен құс сен кеткен соң ай қабуда.
Сөз тиіп ас пен тойда құл-құтанға,
Бар шындық өтірікке айналуда.
Ерлердің күйе жақпа ерлігіне,
Кесірі тиіп жүрер кер күніңе.
Əруағы көрініп кеп атқан күні,
Ішқұсаң ағып кетер терлігіңе.
Батырдың өзіне бер сыбағасын,
Хақ куə, дала куə, құлама шың.
Жазасын жаман тартар тірісінде,
Əйтеуір сыбағаңды бір аласың!
Өшті өлер, өре тұрған кекті өлер.
Ер өлер, ел жолында текті өлер.
Тарихқа қиянатшыл өзімшілдер,
Тарихтың қанжарымен кескіленер.
Ар-ұят иманына құлып болар,
Қаны су, жүзі қара тұлып болар.
Рухы көрден шығып күнде қашып,
Есігін ұрпағының ұрып болар.
Тартып ап талақ ойдан дара көген,
Не деп жүр қу надандар қара керең.
Өсекші туысының етін жейді,
Немене өсек емей жала деген.
* * *
Бауырмын оттай қызынған,
Дəуірмін оқтай ізім қан.
Жауырмын заман кемірген,
Ауылмын айдай сызылған.
Бəрін де көрген аймақпын,
Тəлімге көген жайнақпын.
Тəрбие-тəлім иманнан,
Иманның құлы – байрақтым!
Апарды көрге табыттап,
Сыпырып бəрін алып қап.
Иман мен сауап жетектеп,
Жаның бір ұшты қалықтап.
Тепкілеп көміп жөнелді,
Дұғадан басқа не берді.
Алладан сауал болған күн,
Ақ сөйлеп пендем көр енді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу