Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  167


Автор: Сабыр Адай

Қайда жүрсең

Өмір сүрсең жау табылар жан-жақтан,
Қанатына періштенің қан жаққан.
Тəтті сөз бар ішін ашсаң уы бар,
Ащы сөз бар ішін ашсаң бал жаққан.
Сөз тыңдасаң асығыстық қылмағын,
Тарата біл тоқсан тігіс, сырмағын.
Аңсыз болсаң аранға кеп түсерсің,
Салып қояр сау басыңа шырғалын.
Өзіңнен көр, кімді түзеп алмақсың,
Жең ұшынан неге білмей жалғастың.
Жəне тағы, адал сөздің құнын біл,
Ащы екен деп қапияда қалмассың.
Таразысы таза болсын сананың,
Ит тісінен босамайды балағың.
Асықпағын, ақыл-ой мен сарала,
Қайда жүрсең сабырлы бол, қарағым!..
* * *
Екі əйелдің əңгімесі тым жатық,
Еркелейді бір-біріне сыр қатып.
Көмейінен көмбе сөзді ақтарды,
Сүт сұрауға келгенменен бір қасық.
Еріндері көп түріліп, басылып,
Көп сыр айтты көптен бір сəт жасырып.
Əңгімеден бұзау жасап емізді,
Бір-бірінен қыза-қыза асырып.
Ант ішкен-ді сыр сақтауға ғұмырлық,
Мың ұрлықтың артын ашты бір ұрлық.
Ертесіне елді айналды екеуі,
Естігенін өсегіне жұлын ғып.
* * *
Шеменін шермен қозғап нар келеді,
Айдады сары бура бар келені.
Елпілдеп етегінен құйын тұрып,
Ізінен сол бураның шаң келеді.
Жаулығын түзеп алып қыр қарады,
Түрулі боз төбенің бір балағы.
Күн батты түс ауды да, бəрі өткінші,
Қара түн ай құлағын сырғалады.
Түнімен сары бура күркіреді,
Үркер тұр гүл секілді бір түп өлі.
Шаншылды бір найзағай көкке барып,
Бураның қатып қалған кірпігі еді.
Жөнелді ертесіне бəрі қырға,
Не зауал жоқ дейсіңіз кəрі құмда.
Келесін иесіне тапсырды да,
Белгісіз өліп кетті сары бура.
* * *
Қайран менің есіл елім, зарығым,
Бабалардың сыбызғы саз сарымын.
Сарнау белдің сəресінде бір зіл бар,
Кеткен кектің кім қайтарар қарымын!?
Біздің тарих көк мес болған көн сынды,
Терімізден тірі айырып өлтірді.
Уыз тарих ұлттан шалғай тығулы,
Көрер екем сенің қашан көркіңді?!..
Сарғайыпты қанды ноқат парағың,
Қан шеңгелден босамапты тамағың.
Қызыл шақа жүрек көрдім шыңғырған,
Арасынан азап пенен жараның.
* * *
Ақша қардай аппақ жырды бораттым,
Босқа күйген, тасқа тиген болатпын.
Қара шаштан ұстап алып уыстап,
Өмірімді жатыр менің тонап түн.
Құбыласы өлең болған торғаймын,
Несін айтам ол жайдың.
Менің өзім өрт ішінде жүрсем де,
Қолыңды соз оттан сені қорғаймын.
Жүрегіммен, тілегіммен тербеймін,
Сені сүймек мендей кім?!
Білсем дағы көңіліңді көзіңнен,
Үндемеймін, тілсіз қара жердеймін.
Менің ұлтым, менің жеңіс байрағым,
Жүрегімнің төріне əкеп байладым.
Біздің жүрек өлең айтсын, өртенсін,
Тыңдайтын жан бар ма өзі, қайда, кім?!
* * *
Ақ төсін шағыл ағытпақ,
Ақ шамын жатыр жағып бақ.
Ақ көйлек киген ару жүр,
Ақ түннен олжа алып қап.
Ағарып барып таң күлді,
Арудың сырын тал білді.
Ауылдан ұзап жөнелген,
Айтпайды ару жалғызды.
Ақ сəуле шуақ шашқан-ды,
Ақ уыз көңіл мастанды.
Аттанған əлгі жолаушы,
Арудан шырын татқанды.
Айналып ізге қарады,
Аймалап көзбен барады.
Ақырын сүйді жүзінен,
Ақ күннің аппақ самалы.
* * *
Тау мен тасқа қазекеміз үңіліп,
Бəрінен де түңіліп,
Шөп іздеп жүр тасбақаның ұртынан,
Бұл да енді бір үміт.
Тасбақа да тас бүркеніп қырсықты,
Бере қоймас майлы кемік, іркітті.
Бітей алса болар еді-ау тасекем,
Бізге біткен жыртықты.
Тасекең де шындығында тас екен,
Қазекеңе қас екен.
Алтын-күміс зəулім үйлер немді алған,
Арпа-бидай ас екен.
Жат біткенің пайдасына жетікті,
Құны қанша, не тікті?!
Қазекеңнің тасбақасын аңқитып,
Ауызынан шөбін алып кетіпті.
Несі барын, несі жоғын білмеген,
Жөн сұрайды кім менен?!..
Қазақ қашан болар екен бақытты,
Бір тасбақа шөбін беріп тілменен.
Тау мен тасқа қазекеміз үңіліп,
Бəрінен де түңіліп,
Шөп іздеп жүр тасбақаның ұртынан,
Бұл да енді бір үміт.
* * *
Қара шекпен жамылып ап кəрі түн,
Жоғалғандай тіршіліктің мəні шын..
Таң асыра түсті торғай тұзаққа,
Бір-ақ жұтым дəн үшін.
Мен де тұрмын шырғалында өмірдің,
Ой түбіне көмілдім.
Өксігімнің күрек тісін ақситып,
Бармағымды кемірдім.
Түн шағынып айды құшып жығылды,
Қимайды ол да ғұмырды.
Өмір жұмбақ бəрі елес өткеннің,
Өлең жұмбақ айналасы жұмыр-ды.
* * *
Шаранасы шырылдаған бесік күн,
Құндағыңда өсіппін.
Ескі мола ауыл жаққа қарайды,
Бара жатыр солай қарай көшіп құм.
Сағым қашты сонадайдан солқылдап,
Жолаушының жатыр мұңын жол тыңдап.
Не ойлап тұр күміс түйме, зер шапан,
Қара түннің бұйра шашы толқындап.
Қара түнге қарай-қарай сүйінгем,
Ай-ана қаз балапанын иірген.
Езуінен сілекейі тамшылап,
Уақыт маған қарап тұрды бүйірден.
* * *
Жабағысын тастамаған даланың,
Күзеу жырын теріп жүрмін қарағым.
Міне тағы сары қарын күз келді,
Жапырақтар қашты түріп балағын.
Сартап сүрлеу ескіліктің бедері,
Құлағының кереңі.
Өзге айтпаса өзінікін жөн көрмес,
Бір қызықтау ел еді.
Жабағысын жел үптеген боз қырат,
Өлең өксіп, сөз жылап.
Ей, жарық күн, сен де таныс бикешсің,
Тоймайды ғой көз бірақ.
* * *
Сен басқаның етегіне оралдың,
Тозып біттің, тоналдың.
Еріген мұз секілденіп сəлден соң,
Көшкен бұлттай, өшкен оттай жоғалдың.
Рəсуа, зая болған жан едің,
Бір кездері жарқыраған таң едің.
Менен басқа еске алар қай пенде,
Көрсетші, қане, кім!?
* * *
Көңіліңнен көктем көрдім, гүл көрдім,
Мен де сосын қауыз жарып үлгердім.
Жанарыңда ақ сəулелі арман тұр,
Гүлге ғашық күндердің.
Жапырақтан сорғалайды таңғы шық,
Таңғы гүлді қал құшып.
Бар сұлулық бал шарапқа айналды,
Сол шарапты қанжүрегім алды ішіп.
Ер құшағы жалын атты, нұрланды,
Күн болды бұл бір мəнді.
Куə таңның көмекейі бүлкілдеп,
Күн торғайдың тамағында жыр қалды.
* * *
Жерде қазақ Шыңғыс ханға таласты,
Көкте бабам ұрпағынан адасты.
Менен биік болып көрсін осы деп,
Екі жусан бетегеге қарасты.
Бетеге де бетін тырнап шыңғырды,
Иелемек бір қырды.
Молдаторғай айдар тағып айшықтап,
Соның бəрін сорғалатып жыр қылды.
Жол құйрығын бұлғап ала жөнелді,
Мен білмедім не көрді!?
Абайсызда төгіп алдым ақыры,
Көңілімнің тостағынан өлеңді.
Самал сүйіп, жел қасыды желкемді,
Кім ойламақ ертеңді?!
Соның бəрін көрмейін деп бір шоқ гүл,
Жылдағыдан кештеу бүрлеп, ерте өлді.
* * *
Сенің көзің маған айтып тұр бəрін,
Түсе қоймас шырғалың.
Сен алдадың, мен алдандым күлдім де,
Жүрегіңді тыңдадым.
Қарпып сөйлеп, көрініп тұр қарлығың,
Арқалағың келіп жүр ме нар жүгін?!
Мен осыдан құтылмақпын қашан деп,
Сендік жүрек маған шақты зарлығын.
Сен кеткесін үш күн жаттым ауырып,
Жүрмесем де жауығып.
Енді қайтып сен бар жерде тұрмаспын,
Осы жолы кетсем егер сауығып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу