Өлеңдер ✍️
Бірін де көрмей осының
Жарық күн жаным жарқыра,
Бал бұлақтарым сарқыра.
Шыңдардан шынар еңкейіп,
Саяңды түсір халқыма.
Ақша бұлт көшкін, ақша бұлт,
Ақ жаңбыр болсын тасқа құт.
Мал баққан елдің баласы ем,
Жанымды зеңгір аспан ұқ.
Ақ уыз арман
Көп үміт,
Ақ еділ таңнан басталып,
Қайғыны қайтем тасталық,
Сүйінші сұрап
Ақ самал,
Базарын күннің бақша ғып,
Жатайық сырды ақтарып.
Бал шыбық тербеп бойларын,
Балғындар салсын ойнағын.
Жарық күн деген – жан нұры,
Нұрланып жаным тойлағын.
Бүр жарып тұрсын көк орман,
Көп арман күтіп көп алдан.
Бірін де көрмей осының,
Қаншама тағдыр жоғалған.
Қауырсын қанат арманмын,
Қайыра толғап самғармын.
Құлынды сүйді қария,
Еншісі деп қарғамның.
Мал көрген
Елдің баласы ем,
Сəулесі ырыс таңнанмын!
Ақ уыз аппақ арманмын!
Кіршіксіз таза
Көңілмін,
Жарқыра көкте жанған күн!
* * *
Тал мүсінін жасырғансып иілмек,
Сүйер болсаң, сүйін деп.
Бал құраққа бəрі қызық елпілдеп,
Көңіліңнің біле бермес күйін көп.
Бала ғой ол, бал құрағым желкілдек,
Алтын нұрын берсін көк.
Көктем келді көкорай бел гүлдеді,
Жалғаншыны, жарық күнді көрсін деп.
Тал сүйенді ақ қайыңға шырынды,
Сүрмек жаңа ғұмырды.
Қара орманға бата беріп бақ тілеп,
Бір қарағай көз алдымда жығылды.
...Өмір солай,
Бұл да енді бір үлгі.
Құлағанда бір білерсің құныңды
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter