Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  150


Автор: Сабыр Адай

Піл мен тебентұмсық

Пілдің бойындағы арам қандар мен ірің-жараларды тазалап,
шыбын-шіркей дерт көздерінен сақтандырып отыратын өзі бармақтың басындай ғана, бірақ тұмсығы тебендей өткір де ұзын бір
құс бар көрінеді. Пілдің жон арқасына қонақтап алып бірнешеуі
іске кіріскенде, Піл есі танып, ашуланып, аяусыз жауласып, сол
құстарды жанынан аластау үшін барлық амал-айлаға барады
екен. Бірақ тебентұмсық құстар болмаса, Пілдер қанға түсетін
жұқпалымерездерден қырылатынын жəне болашақтарының жоқ
екенін білмейді. Кейде, қоғам, ресми билік иелері де сол ашулы Піл
сияқты, сөз иелерінің, тілшілердің жанайқай парыз-тілектерін
жау ісіндейжатсынып, тулапжатады. Əрине, тұмсықтының бə -
рі бірдей пілдің болашағын ойлайды деуден де аулақпыз.
Ақпараттық естіміштерден
Мынау Піл ғой бəрі осының қолында,
Өлім құшпақ жатқан жандар жолында.
Қаншама күш, тал бойының тұрысы,
Бұған енді жоламаған дұрысы.
Өтіп жатыр төбесінен залым күн,
Тұмсығы мен арасында қарынның.
Өңкей Піл боп қауымдасып жүреді,
Патша өзі, Патшайым да бір өзі.
Тамшы суды тартып ішіп алдыңнан,
Бір күніңе, тірлігіңе зар қылған.
Сан Серкені жерге аунатып шаң қылған,
Не бір көкжал қашып-пысып қаңғырған.
Піл артылса түйені де майырған,
Талайлардың таңын солай айырған.
Өзі білмек, қандай бағыт ұстанбақ,
Тек қасында тебентұмсық құс қалмақ.
Құс байғұстың бар білері тазалық,
Оғанда Піл жатыр əне, жаза ғып.
Піл аунаса мың қоғаны жапырмақ,
Тамырымен қопарады тақырлап.
Тебентұмсық тазаламақ дертінен,
Піл алыспақ ашу-ыза өртімен.
Пілге бірақ ақыл айту мүмкін бе?!
Жылағым да келер менің күлкім де!
Басын көрсең жұмыр жердің жартысы,
Ісін көрсең қара орманның əртісі!..
Жылап-күліп, күліп-жылап тұрамыз,
Неге олай Піл-Көкемнен сұраңыз!?..
Сен қайдасың Тебентұмсық түстің бе!?
Жүрсің бе, əлі, Піл-Дəдəмнің үстінде.
Піл болмаса, иесіздік орнайды,
Иесізді ит пенен құс торлайды.
Басы үлкен болғанымен бұл Пілдің,
Ақылы аз, соған енді шыр-пырмын!..
Біздің билік сол ашулы Піл сынды.
Піл болсаң да тыңдап үйрен ұлтыңды.
* * *
Ұяң сəуле – ұяң жүндей үлпілдек,
Ұяңсың-ау шіркін, көк.
Ұясынан күн төгіп тұр ақ нұрын,
Біздер өмір сүрсін деп.
Сəулесін-ай жарық күннің тəп-тəтті,
Жастығыма жарық нұрын жастапты.
Біз өмірді рəсуа қылған соң,
Күн де қаша бастапты.
Батқалы тұр, өкпе-назы бар сынды,
Ақ сəулесі сарқылды.
Ал содан соң бұқа мүйіз қара түн,
Қаратауға артылды.
* * *
Желбегей қыр күміс түйме, шашбаулым,
Шыңырау көк, астау күн.
Қандай ауыр білесің бе екенін,
Өзің жайлы бастау жыр.
Қылау құмның ақ тозаңы бүркініп,
Кезбе құйын жер жыртығын жүр тігіп.
Көшкен сағым, өшкен жалын аңызақ,
Қарап қалған іркіліп.
Мен бір жүрген жолаушымын дедім де,
Сорды сығып, тұзын жақтым ерінге.
Сорлы ақыным жалғыз қайда барасың,
Еліңе қайт, –деді маған, – елірме!
Содан бері қайта жүріп келемін,
Сен де бір сол таптырмайтын ел едің.
Мен өзіңді іздеуменен шөлдедім,
Саған бірақ жоқ та шығар керегім.
* * *
Қарабарқын сорға біткен бұтадай,
Бұлттан шықты жұтап ай.
Қара кемпір от жақпақшы ошаққа,
Ол да қойды тұтамай.
Түннің көзін қап-қара жас торлап-ты,
Қалжырапты, сорлапты.
Таң иегін тауға сүйеп егілді,
Содан басқа жанашыры болмапты.
Қап-қара түн қара қоға секілді,
Түршіктірді етімді.
Жарық күтіп жағаласып келеміз,
Мен білмеймін не тынды!?
* * *
Шая болды, ежегейлеп, кенжелеп,
Өспеген ұлт, дерт жеген деп жел-кебек.
Дəні жоқ-та қауызы бар
Бос кеуде,
Кімге сондай ел керек!?
Жатып алған мен де жалқау, шегіншек,
Кел екеуміз енді бірге егілсек.
Бұл дүние қалтамызда тұрғандай,
Дұрыс болмақ не білсек!?
Білгеніміз алты қырдан аспады,
Сосын тоза бастады.
Талайларды өткіншісі жылатқан,
Өмір ғой бұл, қасталы.
* * *
Шырша торғай жаңғақ көрсе тамсанар,
Əркімге бір қансонар.
Бір Тəңірдің апарады алдына,
Сансыз сүрлеу, бар сонар.
Шыртылдатып қоңыз біткен қанатын,
Ескі əдет, жаңа түн.
Адам отыр құбыласын ұмытып,
Бақытына баратын
Бір қарағай сұлап барып жан берді,
Мұны орман сан көрді.
Ішіңе тарт қайғың болса көрсетпе,
Сен де суық ал демді.
Солай... Солай...
Орманеке, орай жұрт,
Кімге қанша қалды енді!?..
* * *
Ұзақ сапар ереуіл ат ентіккен,
Ұзақ күй ғой, шертіп пе ең!?
Неде болса келмей кетті бұрауы,
Қиын енді шыдамы мен шыдауы.
Жан байғұсың шүберекке түйілген,
Жанып-күйген, сүйінген.
Құрсауынан құтылмаған азаптың,
Жаны қандай сірі еді қазақтың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу