Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  213


Автор: Сабыр Адай

Қоғам және өнер

Өзге құрлық... Мендік сана жат бұдан.
Ойдың бұлты ақ тұман.
Өмір кіршең, өнер таза арпалыс,
Қайнай-қайнай сарқылғандай ақ құман.
Ақша жеген ардың құны көк тиын,
Жер тозақ та, көк құйын.
Шешілмейді бұл тірліктің жұмбағы,
Тоқсан тарау, тоғыз күрмеу, от түйін.
Құдай тегін жасап берді ғаламды,
Сəл өлермен қылды бірақ адамды.
Қайран өнер көрден орын таппадың,
Тік тұрғызып сұрап жатыр бағаңды.
Қайта сатты сен жатқан көр басқалық,
Сатып алды ақшалысы бассалып.
Қайран өнер тік тұрып тұр молада,
Əлі күнге əлдекімге ақталып.
Өркениет орын беріп жатты ма!?
Табан орнын əлде тағы сатты ма!?
Өнерліге өлім жоқ деп айтатын,
Əділ Құдай солай шешім тапты ма?!
Солай шығар Хақ біледі шындығын,
Өнер деген өлімі жоқ сырлы мұң.
Біздің қорым даласындай басқаның,
Тфə!.. Тфə!.. Бұл да бақыт, құлдығым!
Сауда сайрап, иман-əдеп шегінген,
Шеген құлқын, шемен ниет не білген!?
Есіріктер бəрін сатпақ əлемде,
Есек миын тиын тісі кемірген.
Сорлы қоғам өз бейнетін іздеген,
Қатігезсіз сіз деген.
Сен қайда да жатып жегің келеді,
Өнерпазбыз тік тұрамыз біз деген.
* * *
Сен өзіңнің жүрегіңді қарап көр,
Ақ босаға, азат төр.
Өз жаныңнан бақыт іздеп таптың ба!?
Жұпарын жұт бір ирани бақ қыл да!
Өз кеудеңнен құлақ түріп, сыр аңды,
Алтын сандық бұл əлгі.
Өз рухың күннен ыстық, нұрдан-ды,
Нұрсыз болса, жер жұтады құр жанды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу