Өлеңдер ✍️
Қазанғаптың күйі «Құс қайтару»
Жерің қалды қайда кеттің қыраным,
Қайт, Қайт!?
Елің қалды қайда кеттің қыраным,
Қайт, Қайт!?
Қиту-қиту, қайт-қайт,
Сыңарым,
Қыраным, Қыраным!..
Алтыннан бау тағып ем,
Аялап-ақ бағып ем,
Тұмар байлап тіл мен көзден сақтадым,
Тұғырыңа күміс шеге қағып ем,
Тояттатып сəріден.
Қиту-қиту, қайт-қайт!
Қанжығаңды қандатып,
Қан соқтаны жегіздім,
Жембасарға бұлттан бұлақ еміздім.
Сылап бақтым,
Сұрап бақтым Тəңірден,
Сыңарындай сырлас едің егіздің.
Қайт-қайт,
Қиту-қиту,
Қайт-қайт!..
Қара шыңға кеттің бе?!
Құз басына жеттің бе?!
Бостандықтан қымбат не бар шынында,
Бəрін құрбан еттің бе!?
Бар, бара ғой,
Бар ендеше – Беренім!
Сен құлдыққа көнбейтұғын ер едің.
Бəрін тастап
Мен де ұшқым келеді,
Аспан бірақ жақтырмайды Жер Елін.
Кетті қыран,
Кең сарайлы зеңгірге,
Қолын жайды жылаулы жан, ер кімге!?
Бар, бара ғой,
Бостандықтың – Патшасы,
Қанатыңды емін-еркін кердің бе!?
Бар!.. Бар!..
Қыран үшін Қыдыр Ата бар құзда.
Құдай өзі жар болсын, тек, Жалғызға!
Бар!.. Бар!..
Бостандығың – бар бақытың, байлығың,
Бар, бара ғой, бəрі сендік,
Ай, күнің.
Жұбатудың керегі жоқ,
Күй тартқын,
Өмір қалай, соған, міне, сай жырым.
* * *
Білесіз бе қыдыр баққан қыр барын,
Жүресің бе бір жаным.
Айыл қияқ, ақ бас жусан, ақ жүзген,
Аппақ дала, аппақ менің жыр бағым.
Сүт секілді бұлағы да, қайнары,
Тамып кетсе тастың өзі жайнады.
Жұмақ жырға,
Құрақ жырға аунадым,
Жел құндақтап, сары самал байлады.
Қаңбақ түртіп қаша түсіп ойнамақ,
Тау маужырап, талықсиды ой-қабақ.
Сонау тұрған
Құлпытасқа тіл бітіп,
Тірілермен ол да бір сəт тойламақ.
* * *
Қозы құйрық қоңыр төбе бұлтиған,
Жалғыз үй тұр құнтиған.
Қара бала жолаушыға күледі,
Екі көзін күннен алмай жыртиған.
Серек құлақ секемшілдеу сұр қаншық,
Үріп көрді ғазиз жаннан құрбансып.
Үй иесі ат тізгіндеп көп жүрді,
Бізді көрмей тұрғансып.
Бір мезетте бота қашты, бақырды,
Есер бура құйын қылды тақырды.
Қаңғып келіп қайдан жүрген бүлгін деп,
Үй иесі қатынына ақырды.
Бура кетті... Біз де кеттік тұрмадық,
Шөліркедік, құрғадық.
Жəутеңдеген қабақтар мен қастарға,
Үйден шықса жолаушы да бір ғаріп.
* * *
Ат-көлігің аман екен, кезіктік, мəлім маған сырыңыз,
Жылдағыдан жаз ұзақтау, жылы күз.
Күні кеше кетіп едің елден жат,
Қызық екен мұныңыз.
Ат ұстарға бала шықты, аға деп, пиғылыңды білместен,
Сен жөнелдің ақ ордаға кірместен.
Əу басында бір семірген жан едің,
Өсек-аяң, арыз-шағым ірмектен.
Батар күн де басын тығар жер таппай, ақ шағылды
кім кешкен!?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter