Өлеңдер ✍️
Күміс те бедер жыр еді
Күміс те бедер жыр еді, күймесі алтын зерден-ді,
Зеңгір де көктен берген-ді.
Кіршіктен зият кіл таза, иманды құлдың жанындай,
Батасы асыл ерден-ді.
Берекет іздеп шөл астым, Бекетті іздеп бел астым,
Ен жайладым ел астым.
Жерұйық іздеп өлеңнен, жеті қат жер мен аспанның,
Босағасын тел аштым.
Сыңғырап аққан бұлақ бұл, сырлассаң үнсіз кемді күн,
Сұрайды Хақтан теңдігін.
Қызғыш кетті қиылдан, бозторғай ұшты бозаңнан,
Жыр іздеп жүр ме ел бүгін?!
Балбал да, бəдіз, бесіктас даланың бойы тылсым-ды,
Тамшылап жанға жыр сіңді.
Шымылдық-шілтер жамылған, хан қызындай қара өлең,
Іздеумен өттім бір сізді.
Өлеңнің иін қандырып, теріден шелін айырдым,
Оюлап шетін қайырдым.
Ордаңызға жыр келді, озалдан асыл ботасы
Аруана менен айырдың.
Не болмаса кісінеп, көмейі толған сыңғырға,
Атасы асау құрғыр ма!?
Жібектен жабу жабар ма, жіліктеп, əлде, алар ма,
Бақ сынап, міне, тұр бұл да.
Алтынды қазық алқада, жарқырап, əне, жүр жалғыз.
Көкмойнақ шапқан құрданбыз.
Сəріден жемдеп баптаған, жақтауын тартып дүлдүлдің,
Кермеге басын бұрғанбыз.
Ақкөз құм шідер шешіп бұрқанады,
Қуырылып қу даланың тұр танабы.
Сорғалап жадау бұлттың арасынан,
Талықсып таңдайыма нұр тамады.
Кез мая, келіншек тал, боз бұйырғын,
Мен сенің қобыз сарнау, өз күйіңмін.
Салмағын жапқан білмес, артқан білер,
Арнасы ала шаңдақ сөз-құйынның.
Қыл өзек, қырық қабат сыр-қайнарым,
Шағылға өлең бағып, жыр жайладым.
Тауларға бір ескертіп дала барын,
Кермеге тігіп кеттім қыр байрағын.
Алтын қыр, кеңістіктің сайранымыз,
Жым-жылас жығылған тау, қайдағы құз?!
Тас ғалам білсе білді, білмесе сол,
Қазақтың салт-салтанат қаймағымыз!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter