Өлеңдер ✍️
Аңдатпа
Бабамды көрген бастас жыр,
Басыма өлең жастап тұр.
Келелі мая кер үлек,
Қатепті нар мен ақ бас жыр.
Шағылды кешіп шаңдатқан,
Боздаған Сарша1, Сам2 жақтан.
Бұйдасыз бура өлең бұл,
Атасын айтпай аңдатқан.
Бұйдасын түптен шайнаған,
Бұйдалап жүрген қай надан!?
Қайыртпай басын бос кетті,
Жабылып бəрі байлаған.
Сенбесең сертшіл Пірге бар,
Періште салмақ тілге нəр.
Кер Үлек пенен Бура-жыр,
Бізден де басқа кімде бар!?
* * *
Танауыңды қуырған,
Тал өзекті суырған,
Ақ нөсер жырды селдетіп,
Жусанды белде жуынғам.
Жұпарға жусап жұтынды,
Жұлқынып бура құтырды.
Шап етінің шайыры,
Шаңқай көкке тұтылды.
Қолаңсасы бұрқырап,
Қолды болған бұл тұрақ.
Нар қомында барады,
Бозторғай өлең шырқырап.
* * *
Көгенді жырды көп шештім,
Өлеңді жерді жайладым.
Күн сөнбей мен де өшпеспін,
Айдан да алыс айлағым.
Орман да болып сыңсыдым,
Өзен боп астым кемерден.
Жүрекпен осы бір сығым,
Əлемге қуат берем мен.
Тəңірден алған бал-көзін,
Тəп-тəтті уыз мына жыр.
Кім көріп жатыр жан көзін..,
Жарқырай шапсын құла жыр.
* * *
Жетімді көрсе жемдейді.
Еміркеніп емдейді.
Сен өзің де жетімсің,
Десем де жырым сенбейді.
Жетілген еді апанда,
Ай үріккен жапанда.
Қол беріп уақыт іркілді,
Қосылған күні қатарға.
Көңілі пəсік ез кімнің,
Таптайды содан жан алып.
Кəрі қой сынды –мезгілдің,
Тістерін тісеп санадық.
Ардың туы – ақ өлең!
Үміттің туы – үркер-ді.
Əміршіл неткен əлем ең,
Бұзбақсың көңіл-күркемді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter