Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  491


Автор: Ұларбек Дәлейұлы

Айгерімге

Арқа жақта сары аяз.
Адырларға шөгіп нұр,
Ақпан кетіп барады үскірігін төгіп бір.
Жапырқ та жоқ қазір, топырақ та жоқ мүлде,
Уайым бүркеп жаныңды тым алысқа кеттің бе?
Есер, есер, жел есер,
Мезгілмен не теңесер,
Бұрынғыдай және де ақиқатшыл емес ел.
Жаныңды ауыр шер басса жырлар жазып емдермін,
Мұнар емес және бұл сен өмірге келген күн...
Ұғар емес...
Себебі: мезгіл ғой бұл ерке тым,
Құстарда жоқ айдында қанаттарын серпетін.
(Құс орнына сені іздеп ұшып мен-ақ барайын,
Ақпан түнін ұзартып, мұздан ұя соғайын...)
Қырау бүркеп тұмсығын, мені көрсе еркелеп,
Босағамды күзетіп жатыр үнсіз сол төбет.
Мен аспанға қараймын,
Аспан маған төнеді,
...Құшағыңа тығылып еркелегім келеді....
Мен бар жерде бұл күннің суығы да түк емес,
Терезеңді қыраулап қонады әлі мың елес.
Тырналары тыраулап қонады әлі күлегеш,
Мың елестің ішінде тек мен ғана тірі елес...
Арқа жақта сары аяз.
Арқам жылы, алдым мұз,
Қырау жапқан самайын бұл кім деме балғын қыз.
Жаныңды ауыр шер басса жырлар жазып емдермін,
Мұнар емес және бұл сен өмірге келген күн...
Созсам қолым жетпейді, «Айды алқа ғып тағар ем»,
(Ай бетінде сенімен мекендеп бір қалар ем...)
Кешір мені!
Бәріне жетер емес дәрменім,
...Содан бері жазылмас өз қайғыммен әуремін.
Сағыныш һәм мұң да емес, қыр басынан
Сен үшін,
Бір жалт етіп ақыры сөнген кешкі сәулемін...
Кешір мені...
* * *
Мен сол күні сен жайлы ұзақ ойландым...
Ақшам келді.
Арқа жаққа түн келді,
Есіл бойы,
Емен көктеп үлгерді.
Кететіндей мені алысқа сүйрелеп,
Мамық бұлттар тұрды аспанда үймелеп.
Секілді бір ақ пен қара таласы,
Жүрегімде сол жылдардың жарасы.
Тек өмірі сағынудан тұратын,
Неге мұңды, – деп күледі мына ақын.
Мендік қайғы – сендік мұңға барабар,
Көз жасыңды көрмейді әттең, тағы олар.
Сені ойладым:
Кеттім шығып елсізге,
(Бұл далаға құс келеді менсіз де.
Бұл адамдар түс көреді менсіз де).
Ақ жауынын кешіп жүріп сол кештің,
Сен кешпеген ауыр сәтті мен кештім.
Сен қасымда жоқсың бірақ Дегдарым,
Сенен шалғай жалғанады жолдарым.
Жүрегіңе қонған шаңын уайымның,
Жуады әлі қайта жауған сол жауын.
Сол жалғыздық жаны жомарт маусымнан,
Екеумізді күте-күте таусылған.
Жетер едім, түн үрейін жамылып,
Жетер едім,
Желден бұрын сағынып,
Жібермейді, жібермейді, әнеки,
Қанымдағы таудан жеткен тағылық!
Ол да бөгет бола алмас-ау,
Жан нұрым,
Кінәлі тек, менің бейғам тағдырым.
Аспанымда тұр қалжырап мұнар күн,
Мұнар күннің қасіретін де құп алдым.
...Шығар күннің шуағынан дәметіп,
Сен сияқты мен де күткен шығармын...
...Сенімен бір құшар едім таң нұрын,
Кінәлі тек, менің бейғам тағдырым.
...Екі айналмас елес сынды фәниде,
Сені күтіп құлазу да ғанибет...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу