Өлеңдер ✍️
Стамбул күзі
Стамбулда ырғақты күз әуені,
Ырғақты күз – сағыныштар әлемі.
Бұл маңда да жүр екен ғой жалғыздық,
(Жалғыздықтар маған ғана тән еді...)
Сол ескі үміт түске айналып түндегі,
Мені құрсап сағыныштың тұр лебі.
Қандай сазды еді мешіт азаны,
Стамбулдың күзі қандай мұңлы еді...
Қимасым-ай!
Қимайды екен дегізіп,
Жағалауда қалды сірә, көп ізім.
Кешіп өтіп саған жетсем деп едім,
Мұнар жапқан түпсіз Мәрмәр теңізін.
Кемелерде кешкі жалау қылаңдар,
Жалауларда жауабы жоқ сұраулар.
Мен секілді...
Батыс Кипр жерінен,
Адастырып алып келген тұмандар.
Ең бір ізгі үмітімдей ардақтап,
Соғады жел,
Жел соғады жан-жақтан.
Жіберер ем қанатына хат жазып,
Шағалалар бармайды әттең, ол жаққа.
Құжырамда қалды ақынның шер-мұңы,
Өткінші деп атай көрме сен мұны!
Тереземде тұнған жасын көктемнің,
Жаңбыр шайып кеткен шығар ендігі.
Кетсін деп ем, сол Алматы кешімен,
Ұмыта алмадым.
Ұмытуға бекіп ем.
Саған ұқсас көрдім Айдың елесін,
Күзгі жаңбыр жуған жолдар бетінен...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter