Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  271


Автор: Ұларбек Дәлейұлы

Ұлытау

Ұлытауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе,
Ұлар құстың ұясын ұмытайын дедің бе?!
Басын тұман торлаған бұлдыр-бұлдыр өлкемде,
Бұлт астынан көз салам бұлдыр-бұлдыр ертеңге.
Борай да борай жауған қар –
Астында қалды есігім.
Орай да орай жауған қар –
Үстінде қалды бесігім...
Қалай еді әлгі күй, қалай еді сөз басы,
Мөлт-мөлт етіп үзілген билеушінің көз жасы...
Ұлытаудың баурында ақсақ құлан жосыған,
Ақсақ құлан соңында аласұрған Жошы хан.
Кетбұғадай сабаздың күңіренген сазынан,
Сан ғасырлық дертімнен уақытша жазылам.
Түннің тыныш бесігін тербетеді неге осы,
Құлан теуіп өлтірген Қағандардың елесі?!
Қырау-қырау қаңтарда қабағыма түнеген,
Қиялыма жүр сыймай қырау-қырау бұл өлең.
О, Қыпшақтың даласы!
О, сен айтшы, Жошы хан!
Санам қайта тазарып сауығам ба осыдан?!
Итаяққа жаутаңдап қолдан жуынды ішпеген,
Мен бір ақсақ Бөрі едім бөлтірігін тістеген.
Күні қаран бұл елдің тағдырына ашынам,
(Біздің хандар тірі жүр, есек тепкен басынан...)
Қырау-қырау қаңтарда қабағыма түнеген,
Қиялыма жүр сыймай қырау-қырау бұл өлең.
Маңдайынан бақ тайған мынау заман сұрынан,
Қошқыл жалым қылаңдап күн түбіне тығылғам,
...Ұлытауды айналып ұзақ жорттым арқаны,
Бір жақсылық болар-ау,
Оң қабағым тартады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу