Өлеңдер ✍️
Бозінген
..Бозарған шудасы желкілдеп,
(Мезгілсіз ағарған Анамның шашындай).
Аңқасын кептірген шөлі бір басылмай,
Күн ұзақ кезеді туған жер жотасын,
Іздейді ботасын.
Қараша күндері...
Гулеген боз боран,
Сағыныш сарыны – бота боп боздаған.
Аспанда шулаған жыл құсы,
Сол ескі жарасын қозғаған!
Бұрынғы күн емес секілді мына күн,
Бұрынғы ән емес секілді бұл әнім.
Кейуана тағдырлы аруана зарына,
Қосылып менде үнсіз жыладым.
Тас болып кеткен бе, көкірегі дүниенің,
Айтыңдаршы адамдар,
Нышаны бұл ненің?!
Тағдырын қоғамның тастап сол табанға,
Жетелеп барады бізді ақыр заманға.
Ежелден серпілмей ғасырлар түнегі,
Тоқтап-ақ қалардай замана жүрегі.
Күндерден айларға,
Айлардан жылдарға алмасқан,
Өңкей бір күңірену, өксікке толды аспан.
...Бозарған кекілін күн сүйіп,
Мелшиген тас оба пішінде,
Күйігі өрт болып ішінде.
Көз алмай күзетіп туған жер жотасын,
Аруана емізіп жатады түсінде,
Қасқырға айналған ботасын...
Жаулап бір алған өмірдің күзі,
Мазасыз ұйқы...
Түс, елес.
Түсіме кірді Қыпшақтың қызы,
Пері ме кім бұл?
Кісі емес...
Иіскеді екен кімдер төсінен,
Көз біткенді өзі тұр арбап.
Жымиып қойды...
Қыр желкесінен,
Қылыштың ізі қылаңдап.
Үңіледі бейуақ үнсіз де тілсіз,
Қашады күлкім,
Мазам да.
Қолымды тағы созамын үнсіз,
Дәруіштер жазған ғазалға...
Жақынымды алған,
Достарымды алған,
Ажалдың ізін қуалап.
Аңырап қалған тас қорымдардан,
Отырдым үнсіз сығалап!
Аузы қисайған аш ниеттерден,
Арқам бір терлеп,
Суынып...
Қуарып қалған жақ сүйектерден,
Жебенің ұшын суырып.
Құлағын тігіп мұңлы бір күйге,
Билейді ғасыр тамырын жазып.
Сүлкінім түсіп оралам үйге,
Ғұламалардың қабірін қазып.
...Үңіледі бейуақ үнсіз де тілсіз,
Қашады күлкім,
Мазам да.
Қолымды сосын созамын үнсіз,
Дәруіштер жазған ғазалға...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter