Өлеңдер ✍️
Соғыс
Жеті жұрт келіп-кетіп, Адай деген
Өр халық атандырған арай мекен!..
Ол кезде Әбескүн, Дай, әлде Хазар,
Деп Каспи теңізімді атайды екен.
Қос бетін қоныс еткен сол өңірдің,
Толғайын толғауларын көне жырдың.
Бабадан баян тартып кеткен кезде,
Көлкіген көк айдындай төгеді ұлың!
Бағзысыз Бүгін болмас өрелі елге,
Беу, тарих, қияс кетсем сөге көрме!
Қанқұмар Кир патшаны талақ еткен,
Томирис рухы ұшып бір келер ме!
Әлқисса, кесапат сөз «соғыс!» деген,
Киелі сөз ғой «ата қоныс» деген!
Сол ата қоныс үшін қанын төгіп,
Ерлерім өліспей бір беріспеген!
Болса да бақ таласы, тақ таласы,
Ездерді тарихтың бар жақтамасы!
Томирис сынды аруды туған екен,
Қасиетті Маңғыстау –Сақ даласы!
Туғасын тумысынан болып текті,
Өмірі аттан түспей жорықта өтті.
... Естіген елші сөзін Кир патшаның
Көздері қызыл қанға толып кетті!..
...Күз күні. Кешқұрым шақ. Дала төсі,
Ширықты екі жақтың ерегесі.
Жасанған жау жарағын қалың әскер,
Жасақтың тең секілді терезесі.
Әуеге ұран оттар лапыл қақты,
Дарылдап дауылпаздар дабыл қақты...
Тұлпарлардың тұяғы тітіретіп,
Бір сұмдық тұрды күтіп атырапты...
Кир патша күпсінеді, ісінеді,
Қайрайды қайта-қайта тісін енді.
Қатыннан жеңіліс бір тауып қалса,
Қасқиып қалатынын түсінеді.
Сенделіп арлы-берлі кезе берді,
Жүрегі әлденені сезер еді...
Байқады...
Сайыпқыран Сақтың қызы
Көктегі жауар бұлттай безереді.
Томирис
Тау секілді тұлғаланып,
Тұрған жоқ от жанарын нұрға малып,
Қайсарлық қаны ойнайды жүрегінде,
Қолдары қайта-қайта қынға барып.
Қасына Спаргапис ұлы жетті,
Ол биыл жасқа толған кәмелетті.
Көздері шоқтай жанып
Анасына
Өзінің бекем ойын мәлім етті:
-Жан ана, әкем шейіт қан майданда,
Шалқайған ер еді ол шалқайғанға!
Жауыздың жағын екі айырар-ды,
Кемсіткен кесір сөзі байқалғанда!
Мен енді әке орнын жоқтата алман,
Тепсінген тұлпарымды тоқтата алман!
Күпсінген Кир патшаны жоқ етемін,
Көкірегім намыс пен кекке толған!
-Жоқ, ұлым!
Томиристің сөзі өктем,
-Жоқ менің, айналайын, өзіңе өкпем.
Парсымен қанды шайқас күтер бізді,
Ежелден бұл ақиқат көзім жеткен.
Сен сақ бол, тұяғысың Ерен Ердің,
Еліне қорған болған кемел Ердің.
Кемсіткен анаңды емес, Сақтың елін
Сазайын Кир патшаның мен берермін!..
...Екі жақ алға бастап ауыр шепті,
Жебелер қорғасындай жауып кетті...
Біресе парсы басым, біресе сақ,
Бір-бірін қиян-кескі шауып кетті...
Дейтіндей Жер-Анамыз: «обал-дағы»,
Қан-қасап, бас доптайын домалады...
Шыңғырған, еңіреген, өкірген үн,
Екі жақ жан берісіп, жан алады...
...Кенеттен...
Қиқулаған дауыс жетті,
Баудай ғып, жау жағының жарып шепті...
Томиристің қосалқы әскері бұлСақтардың арулары асыл текті.
Тосын күш ...
Парсыларды тосылдырды,
Атты әскер жауды қойша осып қырды.
Шайқастың шекке жеткен шамасында
Сақтардың күші мүлде басым тұрды!
Бұл күні парсыларды қара басты,
Саусақпен санарлықтай сарбаз қашты...
Жекпе-жекте жеңісті иеленіп,
Томирис тұрды ұстап Дара Басты!..
-Қумаңдар, қашқан жауды, қаша берсін,
Үдеріп қашқан сайын боса берсін...
«Сақ!» деген сөз естілсе құлағына,
Сезгендей құдіретті саса берсін!
Осылай үн қатты да Тәңір- қызы,
Естілді ерегескен әмір-сұсы:
-Кир деген қанға құмар патша едің,
Құдайдың тиді саған қағындысы!
Қанға той! Қанішер жау арын сатқан,
Қан құшып Сақ қызынан «дамыл» тапқан!..
Хан басын қанға толы тұлыпқа сап,
Лақтырды дарияға сарыл қаққан!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter