Өлеңдер ✍️
Қазақ елі
Ойламан бар деп сенен көне халық,
Ойламан бар деп сенен дана халық.
Ұлылығыңды паш етер адамзатқа-
Ұланғайыр көсілген Далаң анық!
Сахара, сары белдер, дала - бағың,
(Келеді кезіп бәрін аралағым)...
Қорғалған Бабалардың қаныменен-
Тоғызыншы орныңды дараладың!
Біреулер қараса егер қызығумен,
Біреудің өзгереді жүзі мүлдем...
Біреуде қызғаныштың қызыл иті,
Қарайды көзін сатып сүзілумен...
Дала!
Дала!
Оу, менің, Құдіреттім,
Сен бар деп халқым үшін шүкір еттім.
Дала, Дала!
Ойласам Өзің жайлы,
Құлағыма бағзыдан дүбір жетті!..
Білесің бе,
Даланы қорғаған кім,
Даланың от-намысын арлаған кім?
Ол – ҚАЗАҚ!
Өзалдан бар тарихы оның,
Алайда, сол тарихты торлаған мұң...
Қазақ бұл – бұлтарыссыз Арғы Сақтар,
Арғы сақ – адуынды, арлы сақтар.
Сақ пен Ғұн...
Бүкіл түркі әлемінде-
Қазақ бұл – Сақ рухын мәңгі сақтар!
Қазақ, беу, қазақ, әулие елім,
Өзіңсің аруағым, бар киелім!
«Қазақ!» деп атқа мінем айыл жимай,
Бір ауыз осы сөзден мән түйемін.
Қазақ, жұмылған бір жұдырығым,
Рухым да нақ осы, Күн-ұрығым.
Мәңгілікке жол тартсын, мәңгілікке,
Тәуелсіз боп түзілген жыр-ғұмырың!
Асқақта, анау көкте, Көкбайрағым,
Басымнан, мен – қазақпын, бақ таймағын.
Қазақ, басың бір болсын, ауызың бір,
Қазақ десе, жарқылда, от-қайрағым!
О менің Қазақ елім, егеменім,
Жол тартқан мұхиттарға Кеме ме едің?!
Сапарың сәтті болсын бұ ғаламда,
Жая бер өрісіңді, Өнегелім!
Сен құшақты кең жайдың адамзатқа,
Кір келтірмей кісілік – қазақ атқа.
Сақ бол, сақ бол, мейлі, Сақ баласы,
Әрбір ісің тән болсын азаматқа!
Тәнті болсын бар әлем таза Саққа!
Мойынға артып алдық жүкті анық,
Сын сәтте қапы кетпес мықты халық!
Ездерді тарих, шіркін, кешірмейді,
Мәңгілік - жүректері түкті халық!
Қазақпыз – қаны таза, ақылы асқан,
Нешебір өтті бастан дәуір-дастан.
«Бір өліп, бір тірілген» қайран, халқым,
Қайтадан біз түледік арымастан.
Қазақ Бүгін ұйқыдан сілкініп тұр,
Ел дегенде, бұ жүрек бұлқынып тұр.
Қазақ, Қазақ - бақытты Ел болса деп,
От-жанарға ыстық жас іркіліп тұр!..
Тарихтың тізіп ойша барлығын да,
Бөленем намыс пенен арлы ұғымға.
Қазағым, тегің сенің - Алтынорда,
Қазағым, тегің - Қазақ хандығында!
Көкейге ерлік дәстүр-салтын түйіп,
Ерлерді қанын төккен халқын сүйіп,
Асқақтай білейікші, ағайындар,
Керей мен Жәнібектің даңқын биік!
Өтсе де бастан небір зауал-көштер,
Суалмас тектілікті санаңды ескер.
Тарихтың қойнауына кете алмайды,
Қалмаққа қырғын салған Жалаңтөстер!
Неше хан, неше сұлтан, қаған өтті,
Қағынған не қатігез заман өтті...
Ел қорғау, жерді қорғау – ұлы парыз,
Бабадан қалған мұра-аманат-ты!
Еліңді сүй, елжіре, ей, өрелім,
Еміренер төліне киелі елім!
Қазақстан – байтағым, Ұлы Отаным,
Қазақстан – мәңгіге сүйенерім!
Біз үшін анамыздай отты реңің,
Көктәңір – Ұла Дала – тек-тірегің.
Аман болып тіл-көзден, жаса мәңгі,
Өзіңе таусылмастай бақ тіледім!..
Қазақ Елі!
Қазақ Елі!-
Мәңгі ұраным,
Мирасқор Иесі Сен бар мұраның!
Қазақ десе, күй болып ағытылсын-
Құлағы қасиетті домбыраның!
Көрмедім мен қазақтай шешен халық,
Көрмедім мен қазақтай көсем халық.
Барыңды базарлай біл, Ұлы Елім,
Барлықтан кетпесінші бас айналып...
Кей жәйттар бұл адамның қанын қозғар...
Жетесіз, жемқор, жасық, жағымпаздар...
Қазаққа ақыл, айла, РУХ керек,
Билікке таласпасын дарыны аздар.
Салады кейбір жандар жаныма ызғар,
Қазақша сөйлемейтін парықсыздар.
Күйттейтін қара бастың қамын ғана,
Ұлтына жаны ашымас жалынсыздар.
Өттік қой, беу, ағайын, талай өткел,
Шақ келді ес жиылып, сана көктер.
Әлі де пасық аз ба екіжүзді-
Қазақты сатып кетер қарабеттер…
Екенін біле ме екен мұның өлім,
Мен өзім тектілерге жүгінемін.
Жас ұрпақ, Отаным деп кеуде керіп,
Көшбасшым бастайды алға Ұлы Елін!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter