Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  258


Автор: Қорғанбек Аманжолов

Зеренді көлі

Зеренді көлдің түбінде
Жатады жайқын бір жылан.
Есіткен бала күнімде
Ғажабын соның жыр қылам.
Көлімнің бұлақ көзіне
Алтын боп шөккен киесі.
Киені тартып өзіне
Күзеткен жылан - иесі.
Айдаһар жылан оралған
Аруана сынды сом алтын.
Тұңғиық сырмен жаралған
Тылсымын сұрар одан кім?
Сәруар сәуле тарайтын
Тұмалы көлдің тереңі.
Күніге бір рет жалайтын
Жыланның
Алтын – қорегі.
Киесін көлдің күзеткен
Жатады жырғап мәрт жылан.
Құдіреті мұның кім екен
Алтынын бұлдап бақтырған?
Аяғын баспас еш пенде,
Әзәзіл, бәлкім, ториды.
Алтынды бермей ешкімге
Айдаһар жылан қориды.
Зеренді көлдің түбінде
Аруана кие алтын бар.
Сақилық сыйлап көңілге
Салтанат-сәнмен жарқылдар.
Ойқастап бірақ алдымнан
Күлігім менің – күдігім.
Киесін көлдің қор қылған
Кес-кестей берер бір ұғым.
Алтынды баққан сол жылан
Айдынға жүзіп шықпағай.
Халқымды қуып көл-нұрдан
Қуысқа айдап тықпағай.
Назалы мұңмен қамалай,
Кеудемді менің құсалап.
Зеренді көлді жағалай
Жатпасын жылан үш орап!..
* * *
Алғашқы күннің күркірі,
Есіттім кенет үніңді.
Шым етіп жүрек біртүрлі
Сағынғандаймын кімімді?
Айырып төсін аспанның,
Алыстан сонау ақтың-ау.
Зор үнге толып жас жаның,
Асығып келе жаттың-ау.
Жайнатып көктің реңін,
Жалтылдап шуақ ойнады.
Шапағат сүйіп нұр өңін,
Шаттығын дүние тойлады.
Күркіреп жеткен көктемім,
Көкжиектерден бері асып,
Сіркіреп жаңбыр төккенің
Сырыма сұлу жарасып.
Сырт та сырт қаққан әйнектен
Әр тамшың әйбәт хабаршың.
Жырымды менің сөйлеткен
Жылдарға бірге барарсың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу