Өлеңдер ✍️
Мағжан мұңы
Жебір заман былапытын жепті ғой,
Жалбыр тонын шешпей ақыр өтті ғой.
Тырнағына татымайтын жандарды
Жүз Мағжанға алмастырман депті ғой.
Жүз емес-ау, болса, сірә, он Мағжан,
Алаш ұлы асып қия жолдардан,
Азаттықпен әлдеқашан табысып,
Рухтанбас па Абылай-ұран арманнан?!
Мағжан-намыс бастырар ма кеудесін,
Мағжан болу болашақта ерге сын.
Мағжандайын ұраншысы болмаса,
Ұрпағына айтар еді ел несін?
Елдің жұлын-тұтасына жалғанған,
Қорқыт баба қобызындай зарланған,
Қазақ мұңы мүсін болып құйылса,
Қалар еді-ау аумай тегі Мағжаннан.
Алданбаған жалғанына жалғанның,
Көкірегі толған жалын, толған мұң.
Мені бір сәт аялайды, дем беріп
Мөлдіреген мұхит мұңы Мағжанның.
Ақын шері – таңның күміс шығында,
Балмен қосып жұтты өмірдің уын да.
Бір тамшы жас кәусәрдайын мөлдіреп,
Қатып қалған Мағжан ақын мұңында.
Мен Мағжанның мұңыменен уанам,
Мағжан мұңы болғанына қуанам.
Мағжан-рухпен көк бөрі боп қайтадан,
Тұранымда көк түрік боп туа алам.
Мағжан мұңы –шамырқанған сергек мұң,
Мағжан мұңы – өршеленген өргек мұң.
Кер заманның керез сөзін айтқызған,
Кеудесінде шүпілдеген кермек мұң.
Мағжан мұңы – қайсар кие, шалқар мұң.
Қазынасын қара нармен тартармын.
Қанып ішпей қасиетін сол мұңның
Сабырымды қалай ғана сарқармын?
Мағжан мұңы бөлеп мені шаттыққа,
Маңайлатпас сорлы дертке соқтықпа.
Өмірінде әлдилеген өлімін –
Мәңгілікке Мағжан қалар ақтықта.
Әулие Мағжан, сенген Алаш жасына,
Мұхит мұңға бата берме, жасыма.
Тұнығыңды лайлатпаған Ер едің,
Тұран Елің көтереді басына.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter