07.05.2022
  104


Автор: Қорғанбек Аманжолов

Қарсылық

Көзіме тигендей-ақ қамшы бүгін,
Шырқырап бара жатыр жан-шыбыным.
Айқайға бар дауыспен бассам ба екен –
Кеудемді кернеп кетті қарсылығым.
Тегінде тоғай өспес тал-шыбықсыз,
Құн болмас молшылықта таршылықсыз.
Дамудың дүниелік заңдылығы –
Өмірде Қозғалыс жоқ Қарсылықсыз.
Бұйығып бұға берсең не болады –
Киең мен қасиетің жоғалады.
Қарсылық жасай алмас халықтың да
Болмысы, бар мұрасы тоналады.
Тар жерде табан тіреп тиянаққа,
Қарсылық жасай білген қиянатқа,
Тілеуін тілеп текті азаматтың,
Аттарын аялаймын мың аятта!
Не дерсің бұл күндегі жамағатқа,
Болмады қарсылық та, қанағат та.
Келешек келер ұрпақ, ғұмыр үшін
Кетеміз не қалдырып аманатқа?
Татпаған Махамбеттің малтасынан,
Көбейіп намыссыздық дәл қасынан.
Ұлдары қорғамаған өзен, көлдер
Қазақтың жоғалатын картасынан!
Ұранның ұрпағымыз біз кешегі,
Су емес, Сырдың суы у деседі.
Беті сор бейбақ өңір бедеу болды,
Әйтпесе, туған жерден кім көшеді?
Бала мен баба біткен шөлдегенде,
Су қашып, қолдан қайран келмегенде,
Сыңсыған тоғайыңның несі қалды,
Қоғадай жапырылып өлмегенде?
Құтаймай құрығанда түгі жердің,
Көтерер ұлан қайда туын елдің?
Тоналған табиғатты кім қорғайды,
Алдында Ақиқаттың жүгінер кім?
Майысқан кім түзетер тал-шыбықты?
Сең соққан кім жұбатар заршы жұртты?
Тоқтатар табиғаттың тоналуын
Кім жасар құдіретті Қарсылықты?
Келмейтін Сырдың суы жұлығынан,
Құртатын тасырлықты ұрығынан,
Қайда жүр қайран намыс батырлары,
Бермей ме бейбақ елге тұнығынан!
Шыңғыстың Абай туған ұлы алабы,
Сәбиі сілкіністен уанады.
Шошынып жер жатқанда бұл дүрсілден,
Қозғалмай жүрек қалай тұра алады.
Сірескен балталамай сұрақтарды,
Бүйірлеп бас көтерер «бірақтарды»,
Түлемес Қазақстан табиғаты,
Алдымен тұншықтырмай сынақтарды.
Өлкесі Жетісуым жеті өзеннің,
Кез келдің кесіріне не кезеңнің?
Дарияны сегізінші қолдан жасап,
Ессіздік - әлденеше еселендің.
Жығылып қодар қылық нардан өлген,
Хабарсыз қодар қылық Ар дегеннен.
Жатқанда Арал құрып, Атом көлін
Тұрғызған тасырлыққа бар ма дәрмен?
Аспанға шәпкімізді лақтырдық.
Қуандық құдіретке бір-ақ күндік.
Қашан біз парасатқа құлақ түрдік?
Кеш кіріп ақылымыз, жылап тұрдық.
Есірік болмаушы ма еді мас адамда,
Мықты екен мақтан деген нашадан да.
Толқынды туабітті тұншықтырып,
Не таптық қолдан арна жасағанда!
Тізелеп, содыр-сойқан пәрменге сап,
Біреудің құзырына мәрмәр қашап,
Кей кезде қолдан жасап қастықты да,
Аламыз достықты да қолдан жасап...
Тәйірі-ай, табиғат кім?!
Әмір қылдық.
Күшпенен табиғатты «бағындырдық».
Қандай бір дарақылық жасасақ та,
Солардың мақтадық-ау бәрін жыр қып.
«Шіркін, Байқал, Байқал» деп Қасым ақын,
Сұқтанып сымбатына бас ұратын,
Шеңгелін Сібірге де салған жоқ па,
Жамылған құрылыстар ғасыр атын?!
Тоқырау – тасырлықты мадақтаған,
Табиғат жаһұттарын адақтаған.
Байқалдың сіңлісіндей Балқаштың да
Бұ күнде шер-шеменсіз таңы атпаған.
Баян мен Қарқаралы – Арқадағы ән,
Басынан әлі бұлты тарқамаған.
Жасыбай, Торайғыр мен Сабындыкөл –
Арқаны гәуһар тастай алқалаған.
Есілім, Ертісімді айт еркеленген,
Шеменді шерлі күйін шерте берген.
Жүзіне арулардың әжім түсіп,
Кәрілік қалайша бұл ерте келген?
Көлдері Көкшенің де мұңаяды.
Аяулы аруларды кім аяды?
Кір шалса күміс көлін азаптанып,
Өзге үшін ақын жаны ұялады.
Көгілдір Көкшетауым – көлдер елі,
Ақ күміс жарқыраған теңгелері.
Қоскөлін құрып кеткен іздеп бүгін,
Құлагер кісінейді кермедегі.
Мейірін қандыратын тұнығынан,
Тұлпардың келе ме көл жұлығынан.
Шіркін-ай, селқостыққа не шара бар,
Айырған Құлагердің құдығынан!?
Сәніндей Саумалкөлді қаңыратқан,
Көкірек тексіздікке жалын атқан.
Қарғаны Қоскөліне қондырмайтын,
Ақанды осынау жай аңыратқан.
Сал Біржан - ән-жырымның бәйтерегі,
Жөкейін аспандағы ай көреді.
Бұл күнде еңіреген есіл көлдің
Азабын біле қалса қайтер еді?
Сал Біржан көрсе бұны шамырқанар,
Домбыра шанағына дауыл қамар.
Болыс пен поштабайды былай қойып,
Бүгінгі біреулердің шаңын қағар.
Ақындар аялаған ән шығарып,
Айдынын Бурабайдың көрші барып.
Арнасын кім толтырар Айнакөлдің,
Шаң басқан бұлақ көзін аршып алып.
Ботакөз, кемерлі көл Зерендінің
Зер емес, зарға батқан көрем күнін.
Бомба боп Қасым айтқан жарыл, жырым,
Шайдай аш тоғышардың кереңдігін.
Мекені Көкшетауым серілердің,
Зар төгіп тұрғандай боп көрінермін.
Кір шалса көлдерімді мен қалайша
Жасамай бір қарсылық шегінермін.
Қалайша жүрек сөзін толғамаймын,
Қалайша көлдерімді қорғамаймын.
Көркейіп көз алдымда тұрса қайтер,
Аққуға бір кездерде толған айдын.
Имантау, Шортан менен Шабағымды,
Жақсы мен Арықбалық, Жаманымды,
Қамсақты, Қылшақты мен Қопа көлді
Көргенде ұлдарының жаны ауырды.
Әрі әкет өзен-көлден нала-мұңды,
Қайғыртпа, қан жұттырма қарағымды!
Халайық, бір Қарсылық керек бұған,
Құрттың ғой Қарсылықсыз Аралыңды...
Бар дәтім, бар қуатым, бар шыныммен,
Осылай көңіл кірін аршыдым мен.
Мен әлі Қарсылықтың өзі емеспін –
Оятар Қарсылықты қамшымын Мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу