07.05.2022
  120


Автор: Қорғанбек Аманжолов

Олжас

Ғаламдық орбитаға көтеріле алған сирек қазақтардың ішінде де Олжас Сүлейменовтің шыңы серек, орыны бөлек. Алпысыншы-жетпісінші жылдардың арманшыл, аңсаршыл жастарына Олжас жырлары намысшыл
жүректің желбіреген жалауындай болатын. Қазаққа тəн
ғарышты нақ осы еркебұлан ақын еркіндеп игергендей
көрінетін. «Қыш кітабы» баба тарихымыздың арғыдан
арғы қойнау-қатпарларына алғаш тереңдеп тəнті қыла
үңілдірсе, атақты «Аз и Я» – ақын көзімен зерделенген көне
тарих тағы да ұлттық рухтың оянуының емес, өрлеуінің,
серпілуінің емес, сезімтал сергектігінің көрінісі болғаны
əлі күнге көз алдымызда. Отыздағы оттай жанған Олжас Парижде Кеңес Одағының кең танылған шайырлары
қатарында жыр оқыса да, қамал алған 40 жасында «Останкино» телемұнарасының залында төрт сағат бойы шабыт
қанатында самғаса да, соның бəрі туған халқымыздың
мерейін асырған жағдайлар еді.
Ызғарлы Желтоқсанда да азамат Олжас үнсіз қала алмады, ЦК-ның пленумында наза-наразысын ашық айтты. Колбин Жазушылар одағына келерде: «Жұбақа, сіз сөйлеңізші»
деп Жұбан Молдағалиевтің сондағы өршіл сөзінің қайрағы
болды. Одан соң ақиық ақын ұлы Абай туған атыраптағы
атомдық сынақтарға қарсы халықтық күресті бастады. Қаншама жылдан бері Еуропа төрінде бостан елінің
атынан Олжас сөйлеп келеді. Олжас Сүлейменовтің
азаматтық-адами бітім-болмысы, бүкіл шығармашылығы
қазақ ұлтының əлемдік өркениетке салған үлкен олжаларының бірі екендігі де бүгінде даусыз ақиқат. Олжекең
ағамыз өзіне деген зор-құрмет ілтипаттан туған осы дастанды ықыласпен қабыл алар деп үміттенемін.
Атқандай болған ұлы таң,
Сол күнді қалай ұмытам.
Жадымда қалған суретпен
Жанымды жебеп жылытам.
Жұртбаев Тұрсын жолдас-ты,
Мағауин Мұхтар қолдасты.
Көкшеден көшіп
Сол қыста
Көрдім мен қыран Олжасты.
Туырылған ойдың тортасы,
Жазушы қауым ортасы.
Қосылдым келіп қытықсыз
«Жұлдыздың» қалап алқасы.
* * *
Қазаққа қырын сол уақыт,
Қалмаған сәуле алда түк.
Қаһарын Колбин төгетін
Ызбарын шашып, қан қатып.
Кеудесін елдің баспаққа,
Тозағын алдан тоспаққа,
Көтертпей езіп еңсені
Салады сайқы қыспаққа.
Ұмытылмаған Желтоқсан,
Ұртыңнан ұрар – тіл қатсаң.
Барар жер, басар тау да жоқ
Бұлқынып, тулап, бұлтарсаң,
Қамшыласа да алға атын,
Құлауға қазақ жар жақын.
Ашынып іштен күңіренді
Арындай ұлттың арда ақын.
ЦК-да болған жиында,
Қарамай қатер, қиынға,
Ұқсап та Олжас кеткен-ді
Орай бір соққан құйынға.
Өңменнен қадап өр қалпын,
Өрге бір сүйреп ер халқын,
Атасын сөздің өлтірмей,
Адақтап айтқан арлы ақын.
Жарқ етіп көктен күн ілді,
Ақиқат қайта тірілді.
Жұлқысқан бірі-бірімен
Жарқанаттардан түңілді.
Ақиық ақын, ақ жалын,
Атылған оқтай шер дарын.
Аласа залдан биіктеп,
Асқарға барып қонғанын.
Көлеңкелерді бұқтырған,
Көсемсымақты ықтырған,
Кездерін сонау көргенде
Көзіме менің шық тұрған.
Толағай тегі халықтан,
Тереңін оның тау ұққан.
Жаралап жанын жәутіктер,
Жырынды сұрлар жауыққан.
Жылымды сулар монтаны
Иіріміне тартады.
Жымысқы қулар білдірмей
Мойнына зілтас артады.
Жанартау іштен тынғандай,
Семсері серттің сынғандай,
Қалды үнсіз ақын
Алдында
Қазылған оры тұрғандай.
Қазылған орға баспаған,
Құрулы торға аспаған
Секемшіл, сергек құландай,
Қатерден және қашпаған.
Шамдағай жүрек атқақтап,
Шарасыз күйде шалт тоқтап.
Басынан ұрды тұлпарды
Батыраштарың тоқпақтап.
Аңысын бағып аңдысқан,
Қапысын тауып қаржысқан,
Ақынды құрттық деп ойлап,
Андағайлады көп дұшпан.
* * *
Тағы да қазақ мазалы,
Тағы да қазақ азалы.
Ата жұрт, ата мекенде
Атомнан жетіп ажалы.
Ұлы Абай туған Шыңғыста
Ұрпаққа ғұмыр тым қысқа.
Дүңкілдеп жарған бомбаның
Дүмпуі шалған тұрмыс та.
Қарауыл, Қайнар, Дегелең,
Ортайды неден кенерең?
Өзіне қыршын қол салып,
Керілмей қалды керегең.
Өкініш еді не деген,
Қасірет еді не деген.
Мүсәпір туды анадан,
Кісәпір туды енеден!
Құдайым, неткен шебер ең,
Зар-мұңға мұнша керең ең.
Құдайдай сенген Кеңесің
Қос қолдап ұрды төбеден.
Қырық жыл жарды бомбасын,
Уыты қалай алмасын.
Сутегі дейтін тажалы
Сойқанын қайтіп салмасын.
Нақұрыс етіп нар басын
Қырсығы қалай шалмасын.
Советің бұған селт етпес –
Сорласа қазақ, сорласын.
Ата мекенде ақың жоқ,
Айтуға арзу қақың жоқ.
Ауыздан қағып сөйлетпес
Боданға Мәскеу батым боп.
Қулыққа сұмдық жалғаған,
Қарғысын айтар бар ғалам,
Ібіліс ғалым дуасы
Қазақтың жерін қорлаған.
Уланды ұлы топырақ,
Қаңырап қалды атырап.
Жасайды сұмдар жарылыс
Бағытын желдің бақылап.
Қарқылдап ұшқан көп қарға,
Жалпылдап күнді жапқанда,
Жарады бомба
Қара жел
Қазаққа қарай соққанда.
Мәскеуің отыр мастанып,
Ішінен іріп, ластанып.
«Сынақтан зиян жоқ» деген
Зымиян сөзбен қасқарып.
Жарылыс болды тағы да,
Әлде сор, әлде, бағына.
Ғайыптан тайып
Соқты жел
Курчатов қала жағына.
Соғады улы бұлтты айдап,
(Бейне бір бейқам ақ тайлақ),
Зұлматты жасаушылардың
Өзіне қарай қақпайлап.
Бұлардың жаны тәтті екен,
Жел неге бұлай соқты екен?
Көз жасыменен қазақтың
Бұл қала болған бақ-мекен.
Қаладан ойбай шу шықты,
Аттандап айқай үн шықты.
Жасырған шындық ашылып,
Жағдайы, сірә, ушықты.
«Айырып кетсе жол басқа,
Азаматым, деп, нарқасқа»,
Ұшынған қазақ у жұтып,
Шағады мұңын Олжасқа.
Осы бір оқыс хабардан,
Найзағай намыс жанардан
Жарқ етіп,
Жалқын орнатып,
Олжекең отқа оранған.
Таусылмай қойған ығырдан,
Тағылған ғайбат, сыбырдан,
Таңылған өсек, жыбырдан
Шаршаған ақын сілкініп,
Қайнады бойда зығырдан.
Қиянат кешкен ел нендей,
Қайтпек-ау Олжас сенделмей.
Ардақтап жүрген әкенің
Аяр бір қалпын көргендей.
Сенімнің оты сөнгендей,
Он саққа ойы өргендей,
Опынды Олжас
Отанның
Опасыздығын көргендей.
Үрейге салып арманын,
Үргедек қылып мал-жанын,
Жарылыс сайын зәндемі
Жасырып келген зардабын.
Курчатов, Шаған, Семейден,
Хабарлар суық көбейген.
Суытып кетер жүректі
Сорлатқан сойқан өгейден.
Бұл пәле болған бұрыннан,
Бұрқ етіп бір күн тығыннан,
Сұмдықтың сыры ашылды,
Сумаң жел соғып қырыннан.
Құзғынның салған ұясы,
Маңайда солған миясы.
Арандап өзі қалғанда,
Ақтарылғандай қоясы.
Советім дейтін ұлы елін,
Үзгендей содан күдерін,
Түршікті жаны Олжастың
Тікенек шаншып жүрегін.
Ойына түнек орнайды,
Халыққа мынау зор қайғы.
Кесапат пәле кесірдің
Кеспесе жолын болмайды.
Суыңды зәһар былғайды,
Нуыңды тажал жалмайды.
Әлемге мұны әйгілеп,
Әшкере қылмай болмайды.
* * *
Аңсайды халқы ақынды,
Жанына медет жақынды.
Олжасты теледидарға
Оқуға өлең
Шақырды.
Тікелей эфир кезегі,
Өртенген ақын өзегі.
Ағына құдай жақтасқан,
Туғанын сәті сезеді.
Ақынға дәйім ар қайғы,
Ақиық Олжас толғайды.
Полигон жайлы ақиқат
Айтылмай қалса, сол қайғы.
– Армысың ардақ ел-жұртым,
Тағы да менен жыр күттің.
Өлеңді шалдым құрбанға
Өлмеуі үшін шындықтың.
Өмірдің туса сынағы,
Өлең-жыр күте тұрады.
Өлеңнен бүгін маңызды
Өмірдің қойған сұрағы.
Тәуекел сөзім желқайық,
Жанымнан шыққан зардай ұқ.
Өлмесін десек текті өлең,
Өмірді бүгін қорғайық.
Өмірдің жауы – полигон,
Елімнің жауы – полигон.
Жайқалып өскен жауқазын
Гүлімнің жауы – полигон.
Тауларым асқар жаншылып,
Даламның демі таусылып,
Сүлдері қалған
Сүргінге
Жасайық, достар, қарсылық.
Мойынға міндет алайық,
Тажалға қарсы шабайық.
Ұлылар туған мекеннің
Киесін қорғап қалайық.
Сөзімді ұғып алыңдар,
Шындыққа шырақ жағыңдар.
Халқының мұңын мұңдайтын
Жазушы деген қауым бар.
Халқының жоғын жоқтайтын,
Халықсыз таңы атпайтын,
Жазушы деген қауым бар
Үмітін елдің ақтайтын.
Бәтуасыз сөзді бақпайтын,
Кірлетпей арды сақтайтын,
Жазушы деген қауым бар
Жазықсыздарды жақтайтын.
Өмірді сүйсе кімде-кім,
Болмасын десе ел жетім,
Азамат парыз арқалап,
Көтерем десе міндетін.
Күтемін жалын күйімде,
Жазушылардың үйінде.
Келелі кеңес құрайық,
Келейік кемел түйінге.
Бірігіп майдан құруға,
Бекініп дабыл ұруға.
Ажалдың уын таратқан
Тажалға қарсы тұруға.
Шақырам, достар, сендерді,
Шақырам, жастар, сендерді,
Әміршіл қоғам лаңымен
Шайқасар, сірә, кез келді!
...Ақынның арзу жан үні,
Алапат қуат ағыны
Айналып ұшқыр ұранға,
Қағылды күрес дабылы.
Олжастың үні далада,
Олжастың үні қалада,
Саңқылдап дүйім дүниеге,
Салады дүбір санада.
Олжастың сөзі!
Ол қандай!
Жарқ етіп нұр күн жанғандай.
Еңкейген елі бір демде
Еңсесін тіктеп алғандай.
Олжастың сөзі армандай,
Шаншылған көкке самғаудай.
Қапалы халқы бір сәтте
Қадамын түзеп алғандай.
Бақ құсы қайта қонғандай,
Намысын өрге салғандай.
Жабырқау рухы қазақтың
Жарқырап қайта жанғандай.
* * *
Ағынға толды Алматы,
Сарынға толды Алматы.
Зұлматқа қарсы өршіген
Жалынға толды Алматы.
Көшеде нөпір ағылыс,
Жөңкіліп аққан сабылыс.
Ақынның өршіл үнінен
Санада сойқан жарылыс.
Ашулы рухпен оқталып,
Тартады шеру топталып.
Қаламгер қауым ордасы –
Қара шаңырақты бетке алып.
Менің де тапқан дертімді,
Лаулатқан іште өртімді.
Ұлтымның мұңын тербеген
Ұмытпан, сірә, сол күнді.
Бозінгендерін боздатты,
Қоламталарын қоздатты.
Қашанғы қазақ қайғысын
Қопарып түгел қозғапты.
Аңыраған ала өгізі,
Ақпанның жиырма сегізі.
Алматы бетін алғандай
Нала мен наза теңізі.
Қосылдым мен де толқынға,
Суреті көздің алдында.
Ұқсап та кеткен сонда Олжас
Құйылған көктен жалқынға.
Теңізден толқын жал қармап,
Қалғандай күміс шомбы орнап,
Тыңдадым ұйып
Аянды
Толғаған Олжас елге арнап.
Қарағай
Қайсар қалпында.
Дарағай
Дара нар тұлға
Нажағай найза заулатып,
Жарқылда, Олжас, жарқылда!
Саңқылда, айыз қандырып,
Сұрларды естен тандырып.
Атомнан ақын қуатты,
Ақынның жыры – мәңгілік.
Желбіреп Олжас жалаудай,
Жұлдыз боп көкте ағардай.
Жарығы залды толтырды
Жалындап жанған алаудай.
Аттанға адал жан сала,
Жиылған халық мұншама.
Сыймаған залға
Сел ағын
Сырттағы нөпір қаншама!
«Олжас!» деп салды ұранды.
Майданда қайтпай тұра алды.
Қазақты басқан қапастан
Булыққан зарын шығарды.
«Олжас!» деп салды ұранды,
Көңілдер көктеп уанды.
Тарихтың соғып сағаты
Самғатты көкке қыранды.
Кеуілді керез жалмаған,
Қорқыныш, үрей жаулаған.
Желтоқсан дауылынан соң
Толқыныс мұндай болмаған.
Ақынның алмас мір тілі,
Бейне бір күннің күркірі,
Қалғыған рухты оятты,
Намысты қағып-сілкіді.
–Еліме мені бел көрген,
Біргемін, достар, сендермен.
Нұр жұтсам елмен біргемін,
Уды да жұтам елмен мен.
Айтамын елге шындықты,
Қырық жыл бойы у жұтты.
Қырық жыл бойы халықтан
Жасырып келді сұмдықты.
Күн сайын ағып мың жұлдыз,
Құлайтын жері құрдым құз.
Қырық жыл
Қарсы халыққа
Жасалып келген бұл қылмыс.
Қасында атом дүңкілдеп,
Қара шал қалды күркілдеп.
Бесікте сәби у жұтып,
Болады мешел біртіндеп.
Бейбітшіл деген даңқымен,
Қырық жыл бойы халқымен
Соғысқан Совет Одағы
Сұмпайы мына қалпымен.
Әскерилерің өктеген,
Жалмауыз жоспар діттеген.
Полигон деген шырмауық
Қазақтың жерін көктеген.
Ырқыңды буып, матап бір,
Шалықтай берсе шатақ бұл.
Алашқа ғана емес-ау,
Әлемге төнген апат бұл.
Тұрайық қарсы апатқа,
Шығайық қарсы шатаққа.
Әлемге бүкіл жар салып,
Әйгіле мұны атаққа.
Зар-жапа шеккен жұртым-ау,
Зәр-зәһар ішкен ұлтым-ау,
Жер шарын жеті айналған
Желменен кетсін бұлтың-ау.
Картаға құйттай
Қарасаң,
Қазақстан қапас орасан.
Сан ұлттың болып түрмесі,
Жанына түскен жара сан.
Мен, сірә, ұлтқа бөлмеймін,
Әділдік қана бер деймін.
Адамның бәрін сүй деген
Абайдың күйін тербеймін.
Оғыздан туған оғланмын,
Түріктен туған тарланмын.
Майданмен өтер өмірі
Махамбет, Шоқан, Мағжанмын.
Дана да болам кейде мен,
Бала да болам кейде мен.
Тарихым тұнған қыш кітап,
Таңбалар тілі сөйлеген.
Жауымнан тілді тартпаймын,
Жаманға міндет артпаймын.
Асқақтатамын даламды,
Тауымды аласартпаймын.
Тағы да менің талабым,
Тазарсын удан алабым.
Ер аруақ болар,
Жер – тулақ,
Тоқтатсын атом тажалын.
Тоқтату керек қалайда.
Тоқтату бірақ оңай ма?!
Сынаққа қарсы бұл күрес
Сын болсын біздің талайға.
Семейде, Жаңа Жерде де,
Кер кесел талай елде де.
Адамзат атау кересі
Кездеспей тұр-ау кермеге.
Бұлттанған аспан Батыста,
Невада-гүрсіл АҚШ-та.
Асқынған апат ұясы
Алжаса қалар оқыста.
Жапония зарлық байғұсым,
Ұмытар, сірә, қай кісің?..
Нагасакидің наласын,
Хиросиманың қайғысын.
Үркітіп
Шығар таңды алдан,
Саңырауқұлағы жалданған,
Ажал у сеуіп Қытай да,
Атады жалын Лобнордан.
Миллиондар, мыңдар...
Мұңдассың.
Жорықта мына жолдассың.
Тажалдың көзін құртуға
Невада-Семей қолдассын.
Адал ұлдары-ау әлемнің,
Азаматтары-ау бар елдің,
Зәһарын шашқан өлімнің
Зұлматқа қалай көнермін?!
Көзіме сәуле күн көшсін,
Невада-Семей үндессін.
Атомның шегіп зардабын
Зарлаған бар жұрт бірлессін.
Ызаны ағыз өзен қып,
Саңылау қалса сезерлік,
Үкіметтерден сылынар
Қылмысты қаныпезерлік.
Саспайық сұмырай сұрлардан,
Қашпайық асыл арманнан.
Қаласақ бейбітшілікті,
Қаруды қаузау неңді алған!
Адамзат мінген бір кеме,
Көкдауыл теңіз іргеде.
Қатерлі қару жойылмай
Жету жоқ бейбіт күнге де.
Құрысын күйкі жанбағыс,
Қырандай көкке самғап ұш.
Қимылы көптің қорқытар,
Күрестің мәні – қозғалыс.
Жаныңды бұған жалдап ұш,
Жайпалмас көпке бар ма күш?
Апаттың бетін қайтарар
Қуаты көптің – қозғалыс!..
Қызғыш құсымдай зарлап ұш,
Күрестің мәні – ар-намыс.
Невада-Семей аталған
Өмірдің мәні – қозғалыс!..
* * *
Өр тілі
Мысы жасымай,
Өртінен аптап басылмай,
Толғады Олжас осылай,
Самғады Олжас осылай.
Ақ жолға түскен тілегі,
Ақпанның соңғы күні еді.
Атомдай сонда жарылған
Ақынның азат жүрегі.
Айтқаны қонды көкейге,
Арзуы жетті дөкейге.
Оқсатқан оқтай
Олжасты
Ұқсаттым Прометейге.
Армансыз көрдім сол сәтті,
Ағысқа ақын қарсы ақты.
Қаймықпай қастық болар деп,
Өмірдің жауын жамсатты.
Толқуын көрдім халықтың,
Шалқуын көрдім шабыттың.
Шарпуын көрдім
Жүректі
Самала сәуле жарықтың.
Ақтарылған жойқын сел көрдім,
Жалында мен де тербелдім.
От құйған Олжас жас кеудем
Оранып өртке
Тебірендім.
Одан соң өтті көп жылдар,
Тілеуі қабыл болғырлар.
Керемет күндер... көк жасын...
Кеудесі нұрға толғырлар.
Жансызды жебеп, дем үрлер
Толассыз күрес, шерулер.
Ғаламат сол бір қозғалыс,
Бекіген бекем сенімге ел.
Қарсылық толқын тынбастан,
Қиындық көрсе, қыңбастан,
Ақыным айтқан ақиқат
Әлемге болды жыр-дастан.
Күтумен елі сарғайған,
Елім демесе – ер қайдан!
Тажалды жеңді талассыз
Олжекең ашқан зор майдан!
Айтамын әлі ақсарбас,
Жібіткен солай тоңды алғаш.
Ақпанның соңы.
Апатты
Жоюдың жолын салды Олжас.
Санамды сілкіп,
Серпілдім,
Болаттай болып беркіндім.
Домбытпа доқтан ықпайтын
Домбыра күймен шертілдім.
Көрдім де азаттығымды,
Көтердім көкке туымды.
Ажал аждаһасының да
Араны таспен тығылды.
Боданнан шыққан бостан ел,
Бетіңді адал досқа бер.
Артыңда қалды азабың
Атомнан сорлап жас төгер.
Атомды жеңді елдігім,
Азаттық аңсар ерлігім.
Білмейді дейсің бұл күнде
Абылай аспас белді кім?
Атомды жеңді ақыным,
Ақыннан шыққан батыл үн.
Ажалдың шауып ордасын
Тажалды құртқан батырым.
Болады пақыр ол қалай?
Бабасы батыр Олжабай.
Мәрттігін Жаяу Мұсаның
Ұрпағы қалмас жалғамай.
Баяғы сұрлар қалмастан,
Балақтан өріп жармасқан.
Ғарыштың орбитасында
Олжасым заулап алға асқан.
Бермеген қолдан намысты,
Кернеген жыры ғарышты,
Тәңірге рахмет
Туғызған
Алашта мұндай арысты.
Сағына жүріп сақтарды,
Қазына сырды ақтарды.
Тарихта қалды мың бір сөз,
Таңбалар тілі қатталды.
Көтеріп көкке шумерін,
Күндей бір көрген ғұн елін,
Әлемнің тілін тербеген
Сүйемін іңкәр жүрегін.
Жанында гүлдеп қанша арман,
Жырына Париж тамсанған.
Адамзат ақыл, ойына
Алаштан асып жол салған.
Өресі биік еңселі,
Етпейді қажет кеңсені.
Гагарин досы сияқты
Ғарышта оның өлшемі.
Адамға керек ар, сана.
Ақында сондай бар шама.
Олжас деп қана қазаққа
Оқ атпас орыс қаншама.
Ұяты деймін ұлтымның,
Мияты деймін жұртымның.
Олжастың арман-аңсары
Мұраты ма екен бір күннің?!
Олжалы болар ұдайы,
Италақаздың құмайы.
Олжас боп сөйлер жаһанға
Қазақтың бар-ау құдайы.
Ақынның ғажап гүл жанын
Айызым қанып тыңдадым.
Ақпанның жиырма сегізі –
Бір күнін ғана жырладым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу