Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  251


Автор: Ерлан Жүніс

Ерте көктем

Біздің елге көктем ерте келеді,
Біздің жұлдыз жұмақпенен көрші еді.
Содан жаным ауырады,
Себебі,
Үр қызына ұқсатушы ем мен сені.
Біздің елге көктем ерте оралар,
Көктем сайын күрсінеді бір өлең.
Көктем сайын бір көктемім жоғалар,
Сені аңсаған, тілеген.
Біздің елге көктем ерте қайтқаны,
Пайғамбар деп күтеді ғой ақындар.
Қайтқан құстар сенен сәлем айтпады,
Қанатында оқылмаған хатым бар.
Оқымауға, бәлкім, сенің хақың бар!
О, ләйлілік асқақ сордың құрбысы,
Жан ауырту қылмысының білгіші,
Қуанышымның, қуанышымның кенжесі,
Өкінішімнің тұңғышы!
Алаңғасар, арманшылдау ақ таңы,
Содан бері неше көктем бүр атты.
Бұл көктемнің күліп келе жатқаны,
Мені неге жылатты?!
Жүрегімнің жалғыз аңсар соқпағы
Неге, неге, жолаушысын тосады?
Көбелектің жайлап қанат қаққаны,
Неге, неге, жүрегімді осады?
Һәм жек көрдім, һәм өзіңді сағындым,
Еске алуға, ұмытуға батпадым.
Қап-қараңғы түкпіріндегі жанымның
Үсік шалған үміт жапырақтарын,
Тағы таптап, неге таптап барасың,
Сытырында – шыңғырысы үміттің.
Сен мәңгілік сол көктемде қаласың,
Ал мен оны келеді ғой ұмытқым,
Біздің елге көктем келер тағы да!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу