Өлеңдер ✍️
Махаббатқа ода
О, махаббат қасиетті, о, махаббат киелі,
Мендік сезім – ақ қанатты періштелер биі еді.
Мұхаммедке берілген ол пайғамбарлық еді ғой,
Ғайса үшін алып келген әулиелердің сыйы еді.
О, махаббат ғажайып-ау, о, махаббат керемет,
Қарғалардың махаббатсыз ғасырынан не керек.
Гүл ернінен сүйген сәті мәнгіліктен биіктеу,
Бақытты ғой бір-ақ күндік ғұмыры бар көбелек.
О, махаббат қасіретті, о, махаббат дұғалы,
Сағынышпен дуаланған сарғалдақ күн шуағы.
Аяулы айдың көз жасысың аппақ
гүлге айналған,
Мәңгілік те тарқата алмас қара түннің құмары.
О, махаббат қатыгезім, о, махаббат қатал-ақ,
Күзгі бұлттың бауырынан көңілім жасы боталап,
Мауыздай бұл дүниеде қауыздай бір орны жоқ,
Енді менің сезімімді кім қалайша атамақ?!.
О, махаббат мейірімді, мейірімің, кәні, енді,
Оны сүйіп – махаббатпен жаратпақ ем әлемді.
Енді ол сұлу қалай ғана жетімегін жұбатар –
Жүрегінің құрсағында қалып кеткен өлеңді?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter