Өлеңдер ✍️
Өттім
Алып қала – алаңғасар, аңғал тым,
Алданады қасынан да, досынан.
Марғау бұлттар мағынасыз маңған түн,
Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан.
Тұрды жігіт, қызды құшып, иіскеп
Шылым иісі сіңіп қалған шашынан.
Мен де талай, бәлкім солай сүйіскем,
Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан.
Духаналар – жүзім қаны, нан жасы,
Қайрауықтың күйіндей ме, ғасыл ән?!
Көңілімде келер күннің таңбасы,
Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан.
Вокзал, вокзал... Қайда асығар адамдар?
Мен ғой менің ғасырыма асығам.
Әлдеқайда әлдеқалай қараңдап,
Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан.
Қаңғыбастар, қайыршылар, кезбелер,
О, арымды қайда апарып жасырам?!
Сезім де өлер, сенім де өлер, сөз де өлер,
Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан.
Үнпарақтар, қорғандағы жазбалар,
Жарнамалар, жол бойында жосыған.
Бойжеткендер... Нені бұлдап назданар?!
Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан.
Тұрғын үйлер – берілмейтін, берілмес,
Көшпес ақын, көше алмайды қосынан.
Мұңлы жырдай тағдырыммен көрінбес,
Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан.
Сезбей сезіп, ойсыз тағы ойланып,
Кітаптардан күдіктеніп шашылған...
Бәлкім бәрі бір-біріне байланып,
Өтіп бара жатты ма үнсіз қасымнан?!
* * *
Бізден бұрын жаратылған Дала бұл,
Сізден бұрын жаратылған Ана-қыр,
Одан бұрын жаратылған Ата түз,
Бізден соң да қалады.
Біз де содан жаратылған ұланбыз,
Сізге өмір бергенін де ұғармыз,
Оған өмір беруін де сұрармыз,
О, мың алғыс, мың алғыс!!!
Дала бізге, біз далаға иеміз,
Сіздің мұнда обалыңыз, киеңіз,
Оның мұнда бабасының сүйегі,
Сондықтан да сүйеміз!
Атамыздың жағасынан алдырмай,
Анамызды күрсініске салдырмай,
Арман жоқ-ау ажал құшсақ арлы ұлдай,
Топырақты қор қылмай!
* * *
Дала, дала, ұлы дала,
Ақылы – Аға, есі – Еге,
Қайғысы – Ақын, мұңы – Дана,
О, тәкаппар пешене!
Мен көтере алар ма екем,
Сен көтерген киені,
Маған жеңіл болар ма екен,
Бабалардың сүйегі!?
Дала, дала, ұлы Ұйық,
Ұят – қызы, ары – ұлы,
Болмысы – асқақ, сыры – биік,
Жазмышымның жарығы!
Мен көтере алар ма екем,
Сен көтерген орданы,
Маған жеңіл болар ма екен,
Балалардың арманы?!
Ұлы дала, ұлы аспан –
Уақыттың жүзігі.
Күні – аңыз, түні – дастан,
Маңдайымның сызығы!
* * *
Құсқа айналып кетсем, шіркін,
Көк аспанның ұшарында,
Туған жердің құшағында,
Қалқып қана өтсем, шіркін!
Сүю үшін жаратылған,
Бір бауырға Батысты алып,
Бір бауырға Шығысты алып,
Тер тамшылап қанатымнан,
Атқан таңмен арайланып,
Батқан кеште тағы ойланып,
Оңтүстікті он айналып,
Солтүстікті он айналып,
Аралыма су апарсам,
Сарыарқаға ну апарсам,
Жылағанды уата алсам,
Қажығаның – қуат алсаң,
Құсқа айналып кетсем, шіркін,
Туған жерді күзетумен,
Туған елді күзетумен,
Қалқып қана өтсем, шіркін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter