Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  139


Автор: Ерлан Жүніс

Келеді

Кей-кейде сөйлегім келеді бәрінің атынан,
Айқайлап жібергім келеді.
О, сосын түнеріп отырам,
Өйткені, түнергім келеді.
Түнергім келеді қаһарлы қағандай,
Жүзінде ғасырдың сесі бар.
Күмілжір бұл әлем кілтімді таба алмай,
Иә, әлем!
Несі бар?!
Кім айтар ондай ұл тумас деп бұл дала,
Толағай.
Дүние, кеудеңді бұлдама,
Менің де кеудем бар даладай!
Кей-кейде күлкім де келеді бәрінің атынан,
Қарқылдап жібергім келеді.
... жай ғана жымиып отырам,
Жылағым келмейді, себебі.
Жымиғым келеді бір сайқымазақтай,
Қартайған, қажыған, ашынған.
Күлуге болады өзіңді мазақтай,
Ұруға болады басыңнан.
Келеді, келеді, бәрі де келеді,
Әйтеуір, жүрген соң өлмей құр.
Келгені – кетеді, туғаны - өледі,
... Кімдікі келмей жүр?!
* * *
Майлы бояу май айы,
Жан-тәніңе түн жұғар.
Көктем – мезгіл әйәйі,
Құмары бар, тынжы бар.
Әлі кебе қоймаған,
Күн шуағы таңдағы.
Әлі сөне қоймаған,
Жаңбыр ізі – жап-жарық.
Тағы тұрып... түн іші
Бір ғасырға көнердім.
Түзде – қоғам жұмысы,
Үйде – ісі өлеңнің.
Тағы түнмен таласып,
Бір ғасырға жаңардым.
Түзде – адам баласы,
Үйде – әкесі адамның.
Сана – заман шалығы,
Көңіл – құстың тауысы.
Ит даусының жарығы,
Ай нұрының дауысы.
Түннің жады – қыз жады,
Жуар бәрін жаспенен.
Жазу керек бізге әлі,
Жазылмаған баспенен.
Абдыру бар, алаң бар,
Армандар бар құлаты.
...Жасарады адамдар,
Қартаяды уақыт.
* * *
Түнімен ауырды бұлттар,
Желтоқсан жөтеліп шықты.
Ештеңе таппадым ұрттар
Уайымнан мықты.
Жаңа жыр жазбадым түнде,
Түсімде құстарды көрдім.
Күбірлеп беймәлім тілде
Шошына бердім.
Көбелек ұшпайды қыста,
Сағыныш – көшпелі алтын.
Көрші қыз шықпады тысқа,
Ақ қардан ұялды, бәлкім...
Кешікпей көктем де келер,
Газетке шығармыз күліп.
Әлдекім бізге де сенер,
әлдене біліп...
* * *
Қараңғы бұрыштардан,
Қараңдап көрінемін.
Бармаған жұмыстардан
Қайтуға ерінемін.
Басқаның келісімін,
Өзгеден сұрар тұста,
Телефон желісінің
Ішінен шығар тұста,
Алдымнан сен кезіктің,
Артында пешененің.
Екеуміз тең кезіппіз,
Алматы көшелерін.
Қараңғы бұрыштардан,
Қараңдап көрінеміз.
Алмаған жұмыстарға,
Баруға ерінеміз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу