Өлеңдер ✍️
Пылығырым
Олар мені көріпті жол үстінде,
Келістім бе, білмеймін, керістім бе,
Өлістім бе, білмеймін, берістім бе,
Олар мені көріпті жол үстінде.
Құбыланы бетке алып барады екем,
Суыт екен жүрісім алабөтен,
Жын ұрғандай күліп те алады екем,
Мұң ұрғандай жылап та қалады екем,
Құбыланы бетке алып барады екем.
Жол үстінен көріпті олар мені,
Соның бірі досына балар ма еді,
Соның бірі қолымды алар ма еді,
Бірі үйіне түссе деп қалар ма еді,
Жол үстінен көріпті олар мені.
Барады екем бетке алып құбыланы,
Мұраттарым бар екен шұғылалы,
Алуан дүние алдымда құбылады,
Ал соңымнан ақ сағым шұбырады,
Барады екем бетке алып құбыланы.
Одан кейін көрмепті ешкім мені,
Жабықтым ба қуанбай ес кіргелі,
Жалықтым ба қызықтан бес күндегі,
Содан менен бір хабар естілмеді...
...Одан кейін көрмепті ешкім мені.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter