Өлеңдер ✍️
Енжарлық
Е, мынау көктем екен ғой,
Бүршігін жармаған әлі.
Асығып жеткен екен ғой,
Құстардың самғаған әні.
Бір сұлу самалы да бар,
Еркелеп қойыныма кірген.
Албырттау бала қыздардай,
Мойыныма асылған бірден.
Ең алғаш сайраным өткен,
Сағындым, далалығым-ай.
Көктемге айналып кеткен,
Беу, шіркін, балалығым-ай!
* * *
Махаббат, сен мылқаусың, меңіреусің,
Біздер жайлы, мұңлығым, не білесің.
Қанжарыма мойын боп ораласың,
Қабіріме қан болып төгілесің.
Сайран салған көңілдің жазы қалып,
Біз де, сен де адастық, ажырадық.
Саған қойған ескерткіш дейтін шығар,
Күл мүрдемді моламнан қазып алып.
Сен жоғалсаң өзің айт, ұятты кім,
(Жоғалмауға уәде сұрап тұрмын).
Адам болып кеткенім жөн-ау менің,
Ақын болып кететін сияқтымын.
Зарлы еді ғой сенің де қашанғы әнің,
Қайда бірге бақытқа шашалған күн.
Жерұйық пен адалдық іздеп кеткен,
Екі мұңлық: сен де – мұң, Асан да – мұң.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter