Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
07.05.2022
135
Сен мені
Сен мені сезінер ең –
Кеудеңді буындырса сезім ерен.
Қарай білсең әлемге бейтаныс бір
Жылап жатқан сәбидің көзіменен.
Сен мені сезінер ең –
Қарай білсең ақынның көзіменен,
Жұмбақ түнді найзалап кірпігіңмен,
Таң алдында талықсып көз ілер ең.
Сен мені сезінер ең –
Тұла бойды тулатып кезіп өлең,
Түпсіз ой кеп кеудеңді тырмаласа,
Айтып болмас адамның сөзіменен.
Сен мені түсінер ең –
Күрессең бір тылсымның күшіменен,
Мына әлемге сыймайтын сезім билеп,
Сонда еріксіз мені еске түсірер ең.
Сен мені байқар едің –
Бір адам боп көрінсе байтақ елің,
Жек көрсең өзіңді-өзің жетімсіреп,
Шарап құйған шараңды шайқар едің.
Сен мені байқар едің –
Үзіліп бір, жалғанса қайта демің.
Мен жайлы білсінші деп байтақ елің,
Мен жайлы түсіндірме айтар едің,
Бірақ сен...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter