Өлеңдер ✍️
Шолпанға
Алақай!
Анаң тағы бесік жырын айтады,
әкең тағы есіл жырын жазады.
Күллі әлемді саған сыйға тартамын,
Асыл мата, жасыл жөргек аз әлі.
Бесігіңе жұлдыз шамын жағармын,
Бәсіреңе планета байлармын.
Тәңірі нұрына жуынғаныңнан айналдым,
Тәуелсіз елде туылғаныңнан айналдым.
Таңғы шуағым, мәңгі шырағым, Шолпаным,
Ертеңім енді күлкіңе шомған кіл сағым.
Әлемді сенің күлкіңе бөлеп күлдіріп,
әлемді сенің нұрыңа бөлеп жылытамын.
Шалықтап жатқан жүзіңе қарап егіліп,
Мейіріммен шексіз шекеңнен сенің сүйген ем.
Күнәсіз күнім, теңдессіз сенің нұрыңмен,
Бақыттың бәрі басыма қонды үймелеп.
Бақытым жайлы Алланың айтқан сәлемі,
Уілің сенің,
Уыз сәбиім, бұлағым.
Жеті қырқаның астында тұрған жерұйық,
Жеті қат көктің астында тұрған жұмағым.
Құлыным менің, шабыт боп кірші кеудеме,
әрбір тынысың айналсын сосын әр әнге.
Ұйыған бейбіт ұйқыңнің болар бесігі,
Күнәсіз сенің күлкіңді берсін әлемге!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter