Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  138


Автор: Серікбай Әбілмәжін

Тас мүсін жыры

Тас мүсін сенде жүрек бар,
жүрек бар сенде білем мен.
Кеудеңде жанып тұр оттар,
тас жүзің бірақ түнерген.
Жылайсың сен білем мен,
жаңбырмен бірге жылайсың.
Аспанға қарап түнерген,
адамға бақыт сұрайсың.
Мүсінге бәрін жасырып,
рухың жүр тірі жыр оқып.
Тұрсың ба әлі ашынып,
Тірі мұңдарды күзетіп?!
Жалығып қайтқан өмірге,
жалт етіп қайта қарашы.
Салды ма қапа көңілге,
аруақтардың қаласы.
Жолдарға сыймай шектелген,
шексіздіктерге жармасып.
«Мың жүрек болып көктеп ең,
қайыңмен өмір алмасып».
Қозғалса қайта сырларың,
Кеңсайдың қойыны дүр етпек.
Бұл күнде әрбір жырларың,
соғады бір-бір жүрек боп.
Жатырсың мұнда жылынып,
өлеңнің жаққан отымен.
Тірліктен кеше түңіліп,
төзе алмай өліп кетіп ең.
Бұл күнде жауың жүгініп,
азайған шығар таласы.
Тас мүсін қайта тіріліп,
тірлікке қайта қарашы.
* * *
Жаныма қалай жақын боп қалдың,
шықпайсың неге түсімнен.
Аузымдағы иман атың боп қалды,
қинайсың удай ішілген.
Мөлдіреп тұнған шарап көзіңнен
аймалап өтсем – арманым.
Сабырымды әбден сарқып бітеді,
Саған бастайтын жолдарым.
Жетпейтінімді білемін тағы,
Жетпейтініңді білесің.
Жанымды тағы жаралайсың ғой,
Жасырып неге күлесің.
Жаныма солай жақын боп қалдың,
Мезгілсіз сүйген мұң ашты, ә.
Сен өзің айтшы секемшіл елік,
Ғашық болғаным рас па?!
* * *
Мен саған ештеңе айтпайтын,
Бір сұмдық халдемін.
Сен болып мұңайып тұрады,
Алдымда әлдекім.
Сен жайлы ойламау күнә да,
Ал ойлау ағаттық.
Мен қалай жер басып жүргемін,
Сен барда тағат қып.
Желөкпе ақынның жырына,
Бекер-ақ еліттің.
Жылаған бақытты аямай,
Сорыма сеніппін.
Сен енді телефон шалма деп,
Үзілген үніңді
Естіген жүрегім ес жимай,
Бақиға бұрылды.
Қош деуге қимайтын бақытым,
Кел дей де алмайтын арманым.
Енді мен өзімді кінәлап,
Өтермін өзіңе таң қалып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу