Өлеңдер ✍️
Қашанда
Өмір-ай, бірде кілең бақ сезілдің,
Ал кейде ай балтаңмен қақ бөліндім.
Бермей-ақ басы бүтін бақытыңды,
Аты арып, тоны тозбас ақ көңілдің.
Бастағам бейнетіңнен сынақ алдын,
Бəрін жеп ащы кермек сыбағамның.
Барында қадірімнің қаңтарылмай,
Жоғымды бардым достан сұрап алдым.
Жүргенде ат-атақтан құр алақан,
Ес екен ой-сезімің құлап аққан.
Жайылдым жазда ашылған жапырақтай,
Ақ сүңгі аязымен буғанда ақпан.
Не таныр көзі терлеп қиналмаған,
Құралған теңіз тегі қилы арнадан.
Ғашықпын ерлерге мен түнек түнде,
Ғұмырын келер жарық күнге арнаған.
Күндеген бір бақытсыз, бір бақыттыны,
Жалған-ай тұтқа саған кім нақтылы.
Бар менің талай өксіп жылағаным,
Асылдың шықпай қылса қымбат құны.
Ойласаң көңіл деген бір мешкейді,
Адамсыз адам тағы күн кешпейді.
Жамандар жабылып кеп көмсе дағы,
Жақсының артта қалған ізі өшпейді.
Ой салар өрнеккерің болмасамда,
Жарқылдап сырымды айтам анда-санда.
Қылт етсе қисайғанды қиып түсер,
Бір шындық алмас жүзді бар қашанда.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter