Өлеңдер ✍️
Адамшылық
Күн өтеді жылап жүріп, күліпте,
Соның бəрін көрген артық бірлікте.
Ғайып деші бақ пен сордың арасын,
Қою қыйын оған батып бір нүкте.
Мұны тегіс біле бермес адамдар,
Тіпті өзінде танымайтын надан бар.
Адам ойы ақшаға ауып барады,
Соған аздап көңілімде алаң бар.
Арсыз танса арадағы тоқтамнан,
Жан ашуын тия алмайсың оқталған.
Тірлігіне өзі тірек болмаған,
Түк күтпеймін кісілігі жоқтардан.
Адал жүрсең тілеп саған оң қадам,
Тайдырмайтын тиянақ боп орнаған.
Адамдығын тастап аяқ астына,
Мына өмірде жүр-ау талай оңбаған.
Суалдырып ақыл-естің бұлағын,
Жөндеп айтпай тіршіліктің бір əнін.
Масылдарға неге керек бұл өмір,
Бақыт болып сезілмейді мына күн.
Біттей кемдік бітімімде толмаған,
Бататұғын қызыл тікен ол маған.
Өзіме өзім мін қиятын қайшыдай,
Оқталамда, мінімді іздеп толғанам.
Тас қой бəрі мейірімсіз жүректің,
Бағасы артық онан жарты жың еттің.
Іште жатқан мұздыда ерітіп кететін,
Жүрегіңнен сыртқа тепкен жылы екпін.
Бас аманда жеп жүргем жоқ мал қамын,
Жетіп жатыр еңбегіме алғаным.
Тым ашылып кеткендердің ниеті,
Тағдырындай бір шіріген алманың.
Ой салады маған əр бір таң атқан,
Шықсам əттең өмір күткен талаптан.
Ер өледі өлсе бойда намыстан,
Өлгендердің бейіті жоқ тамақтан.
Жан қайығын есіп өттім жағаға,
Ұятыңнан жаралғамын жан ана.
Еліктегем құлақтаған асауды,
Əкемдегі қуат пенен шамаға.
Қия басса тағатұғын елге мін,
Менде бірі осы жүрген пенденің.
Бірақ менің көкейтесті мақсатым,
Адамшылық жасау үшін келгемін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter