Өлеңдер ✍️
Көк асау аттан көргенім
Міне шауып шіреніп үзеңгіні,
Көк асау ат шылбырды үзген күні.
Бір жығылып, бір тұрып сүйретіліп,
Тауыстық-ау бір талай біз өмірді.
Өтті бəрі келмейді өкінгенмен,
Кешіп қалдым опықтың отын белден.
Өтіп кетті қанша жыл қан жылаған,
Қайран талап тасырқап өр тілеген.
Жат елі ғой қаныма, тегіме де,
Келмейтұғын тиынға тең бірдеме.
Еріп алып көңілім елеуіреп,
Барды соған аз қалдым төгіп өлең.
Адастырып айыртпай ақ-көгіңді,
Сол абырой, сол ғана бақ көрінді.
Табады екен бұл құрғыр елді аралап,
Ең алдымен аңқылдақ ақ көңілді.
Сағым ұшқан талай бір санасынан,
Ақылдыны сарқылтты сабасынан.
Əжуа боп артта қап ажар сынып,
Қайнады ғой талай кез сор осыдан.
Сол сиқырдың таң қалам ғажабына,
Түсті жүрек обал боп қажауына.
Жүрдік оның буында біз елемей,
Бұрын кетті талайлар ажалына.
Қасіретін ойласам соның енді,
Қайысады қабырғам сөгіледі.
Қалады екен батырың өлез болып,
Балуандардың үзіліп сом білегі.
Аз жегем жоқ мен онан қайғы-мұңды,
Жоғалтпаса тіктеді ол қай құнымды.
Кетті талай аунатып құй-батпаққа,
Шайқап төгіп тұп-тұнық айдынымды.
Жаралғандай басынды ол мені осалдан,
Неге айдаса дедектеп көне салған.
Ұйқым қашып кетеді ішім ашып,
Кей күндерде сол тұстан елес алған.
Асып түсіп бір шығын бір шығыннан,
Көп арманым қиылды қыршынынан.
Қайта қонбас о, қайран періштем-ай.
Соның арам уына ұшындырған.
Көрмеді одан не керек өз басым не,
Көрген елден біз алған аз ба сіле?
Қойдым əйтеуір ескертіп жан шыққанда,
Ол пəлені пендеге жазбасын де.
Қабырғама тиген бір зіртең еді,
Тұлпар көңіл ойласам жер тебеді.
Ауаша жүр белдеуден көк асау ат,
Сенен көрген азабым жетеді енді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter