Өлеңдер ✍️
Тойдағы сөз
(Шигыби ауылында малшылар апталығында
оқылған өлең)
Сəлем саған шигыби киелі жер,
Сөз түспесе тілімді сүйеп жібер.
Алақаны сияқты қарттарыңның,
Маңдайыма ып-ыстық тиеді жел.
Жер ұйығы емес деп кім айтады,
Керегі не қараудың сынай тағы.
Қалтаңда жүр жігіттер кешегінің,
Сулуға айдап беретін мың байталы.
Сыр жатыр-ау айнадай жазығыңда,
Суреті бар қысыңның, жазыңның да.
Байлық емес ат көпір жалғыз ғана,
Жинап тұрсың көңілдің азығында.
Алыс емес көрінген алдағы шың,
Құлшынғандар жетеді арман үшін.
Көш бұйдасын ұстаған жігіттері,
Көтеріңдер мына елдің ар-намысын.
Құтты болсын тілеуің той жасаған,
Өлеңімнен тозбайтын торқа салам.
Оралмайды ойыңа нелер келіп,
Құшағында сезімнің тербелсе адам.
Шындығы тұр өмірдің ойыма алған,
Кіл дүние алдыңда мойындалған.
Осы жердің төрінде дүбірлетіп,
Жаңа өмірдің ең алғаш тойы болған.
Сай түлігі ойнаған тақымында,
Үш өзеннің құйылып халқы мұнда .
Көкейімнен сол күнгі өшпес сурет,
Жатыр сенің сақталып архивыңда.
Қанатынан нұр толқып қызыл тудың,
Қыршын жаным желпініп қызып тұрдым.
Береке боп еркіндік-теңдік тұрды,
Бəрін айтсам таусылмас қызық бұның.
Шек жоқ онда қуаныш есебінде,
Сол күн қолға тигені есеніңде.
Бəйге қосып, балуан сап, көкпар тартып,
Ойын соңы жалғасқан неше күнге.
Жалғап бүгін сондағы парад үнін,
Бəрі жетті жал-құйрық қанатыңның.
Жүйріктігін тілейін құлыныңа,
Оразəлі Қабылдың қара атының .
Атыңды алып алысқа барды алыбың,
Биігінен шырқап сап арман үнін.
Бесігінде талпынған ұлдарыңа,
Берсін маңғаз Асқанның балуандығын.
Күтерім көп өзіңнен əлі менің,
Тектілерден құралған ауыл едің.
Самалың боп аңқылдап таңертеңгі,
Сапырайын дəніңнің əр күрегін.
Жүрегімде сағыныш мұң сағымы,
«Тас бастау»ың жуады жуса мұны.
Түстік жерден иісі бұрқыраған,
Жата қалып искейін жусаныңды.
Жаным сенде қоңыр ел, қоңыр мекен,
Сенсіз маған өмірдің бəрі бөтен.
Бола алама көрмеген ұлы мұхит,
Туған жердің аядай көліне тең.
Өлең арнау тойыңа борышым мен,
Сезіміңе бөленді көңіл шүлен.
Жетіп жатыр өзгеде еркелігім,
Еңбек етсем кешірме қол ұшымен
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter