Өлеңдер ✍️
Қайда
Ерке мінез, қылтың-сылтың жас күнім,
Албырт көңіл тарқатпаған мастығын.
Жарық еттің де өте шықтың амал не,
Сенен кейін арпалыста тас тыным.
Ғашық болып көп хат жазған қыз қайда,
Елестесе бүйір қайта қызбай ма.
Өтіппіз-ау о, не деген масқара,
Соларға бір шумақ өлең сызбайда.
Достар қайда бірге дейтін жанымыз,
Онда сезім жіктелмеген бал-уыз.
Арамыздан озып шыққан санаулы,
Достарымыз, бəріміздің сəніміз.
Құрдас қайда бір сықпаны бөліскен,
Айырылғанда жылай-жылай көз іскен.
Ұмытылып бел байлаған серт-сенім,
Салқын тартып бара ма екен көп істен.
Қайран бəрі құлын-тайдай алысқан,
Сағынышпен іздеп келер алыстан.
Жасықтары ісегінде кəртейіп,
Дүр болды ма кеудесінде нан піскен.
Болсада өкпе өлімге əсте қимайтын,
Адамшылық майданы бар туы айқын.
Біреуіне түсіп жатса жоқшылық,
Қолда барды үйіп-төгіп құрайтын.
Қандай күнде ішкі сырды бүкпеген,
Ойларының қосын бөлек тікпеген.
Солар барда қамсыз өткен күндер-ай,
Шатағы жоқ адамдай боп түкпенен.
Көрші қайда сен-мені жоқ дəмдесің,
Ертелі кеш шүңкілдескен əр несін.
Еш зілі жоқ сөзі екен ғой солардың,
Көзге айтылған əмбе мақтау, əмбе сын.
Қайда бəрі ниеттестің ақ көңіл,
Есептеймін маған біткен бақпен бір.
Кеткендердің аққу құстай адасып,
Жүрегімде орыны тұр ақ теңбіл.
Қимас қайда жанды бірге санаған,
Боп кетейін жолдарыңда садағаң.
Бытыраған аққуындай айдынның,
Осы маңда жүрсің əйтеуір санамаң.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter