07.05.2022
  212


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Наурызға тілек

Арасы екі ғасыр ұлу жылы,
Шуағын əкелген шақ күнің жылы.
А, құдай аунаса екен өмірге де,
Көктемгі табиғаттың уылжуы.
Көз салсам ой толқиды қарт ғасырға,
Көңілде тау шөккендей жатқан сырға.
Өткенді қайталамай жыр жазайын,
Əр кімнің бақыт тілеп от басына.
Біреуі бір төбедей қарасаңдар,
Ойнаған тақымында талай сандал.
Безбені берекесі осы ауылдың,
Аман бол ғасыр аттап қара шалдар.
Иыққа жүгін алған қара нардың,
Мерейі үстем болсын ағалардың.
Жөнелген арман қуып інілерге,
Жолынан жолықтырсын қалағанын.
Сызылып ат байлайтын шығып алдан,
Кем емес сыйлағанда ас-суы балдан.
Аман бол, ай дидарлы жеңешелер,
Бойынан сыры кетсе сыны қалған.
Алысқан құлын-тайдай құрбыларым,
Түсінем маған қымбат құның барын.
Кім отыр бір кездегі құрбы қыздан,
Толқытқан аш белінде бұрымдарын.
Бəріңе осы отырған бақ тілеймін,
Семсерқып тасқа шапсаң қақ тілетін.
Ерленіп жаңа ғасыр есігінен,
Қайтадан жастық отын ап кірейін.
Арманның бала қуса құздан құсын,
Ақ жолды атасынан із дарысын.
Көтерсін көп ақ отау шаңырағын,
Шын ғашық жігіттермен қыздар үшін.
Шөлдейді асыл жырға ардақты елің,
Ақындар тез-тез толсын ақ дəптерің.
Ұл тауып ақ сазандай аман болсын,
Өзінің тұңғышына толғақ келін.
Жыл басы құйып көктем ақ уызын,
Жырымның тақтым аяқ бауын ұзын.
Аман бол, ағайындар қуанайық,
Əр жылда бірге тойлап науырызын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу