Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  142


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Түсін, Қалқам

Иесің біз жетпейтін ертеңге сен,
Еркеле соны біліп еркелесең.
Бақытқа жету үшін суық қарып,
Бола ма ыстығына өртенбесең.
Адам боп қосылғалы санатқа біз,
Құйылған құлағыма сан атты аңыз.
Кенеліп менімен сен тұрған бақыт,
Бабалар қанмен, термен жаратқан із.
Бақытқа жүрген мастар басы айналып,
Көз шығып теріс жолға басады айнып.
Бас жарып, қол сындырып жүрген жерін,
Былғайды арамдықпен жосадай қып.
Адамда бар осындай парықтылық,
Болмайды сезім біткен бəрі тұнық.
Жетем деп бір мақсатқа жол алғанда,
Алдымен тура шығар бағытыңды ұқ.
Арайлы сенің туған тұсыңда таң,
Жоқ ыстық суыққа да ұшыратқан.
Сермедің құлашыңды емен-еркін,
Жан жаққа көңіліңнің құсы ұнатқан.
Көңілде саған көктем жаз арнаған,
Жазар сөз толып жатыр жазар арман
Өмірдің бір сыры бұл түсін қалқам,
Бақытты көтере алмай азады адам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу