Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  179


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Жаңа жыл сезімдері

Аунап жыл артынан жыл келгенінде,
Селт еттім жайбарақат жүрген менде.
Есептеп кəдесіне не тигенін,
Бір жылды тағы ұзатып жібергенде.
Бұл сұрау жан жүйемді қозғап үнем,
Барады мезгіл озып өз заңымен.
Келемін бір жарыста артта қалып,
Алдыға бір жарыста озғаныммен.
Құт пен жұт егіз біткен ерді сынар,
Əр жылдың өзіне тəн жеңісі бар.
Құзғындай мың жыл тірі жүрсе дағы,
Өмірге сезімсіз жан нені ұсынар.
Анығын айтыңдаршы қалыстарша,
Мен əлі бітіруге тəн іс қанша.
Көндіккен көлігіңдей көтерейін,
Ақырын тірлігімнің тауысқанша.
Басымнан жыл табаны құр аумаған,
Ой кешіп қара шашым қылаулаған.
Құмартсам мен біреудің биігіне,
Жете алмай тағы біреу тұр-ау маған.
Бір ойым таппай жатып тағат əлі,
Апыр-ай неге жылдам таң атады.
Ағарып таң атқанға өкінбес ем,
Қаланбай сарайлар тұр қанаттары.
Қорқамын бір жас маған қосылғанда,
Алжыған шалдар азба осы маңда.
Қуанам мынау шалқар өмір үшін,
Менен де бір тамшы тер қосылғанға.
Жаңа жыл күнін қызу тойлағанда,
Не жетсін алды артыңды ойлағанға.
Келеді-ау түгін қоймай тауысқысы,
Қызыққа мешкей көңіл тоймағанда.
Қайрандап кей күндері көңіл кеме,
Кейідік қысқа екен деп өмір неге.
Уақыт опығынан оянбасаң,
Жай күнде жаның көзге көріне ме.
Өткенге айдан аман, жылдан есен,
Ей, пенде тірлігіңді бұлдама сен.
Барады жылдар жазып архивіңді,
Қаншалық болды қосқан мұндағы есең.
Өмір тұр жəрмеңкесін жайған мына,
Бола ма қызық көрмей жəй қалуға.
Бақыт қой жылы шырай жыл келгенде,
Бет алсаң бір арманның жайлауына.
Жыртқанда календардың соңғы бетін,
Жүрегім лүпілдеді сол рет мың.
Пендеміз əр нəрсені алданыш қып,
Ерте-кеш жан сəулесін сөндіретін.
Үрей қып жаз шіліңгір, қыс қатаңын,
Не керек үзік үміт, қысқа таным.
Ауысқан көктемі жаз, күзі қысқа,
Өзімді тұтас жылға ұқсатамын.
Деме дос жүгірістен жылдар тынар,
Ендеше көңіл керек шыдайтын нар.
Қымбатын ғұмырының шын біліпті,
Қуанбай күн өткенге жылайтындар.
Дүние дөп-дөңгелек байтақ алып,
Тынбайды келіп-кетіп қайталанып.
Сезбесең қара тастай бедірейген,
Сезінсең сырын өмір айтады анық.
Шабыста жылдар, айлар сол тынбаған,
Жасты да кəртейтеді солқылдаған.
Ауыр-ау тірі жүріп ұшыраса,
Уақыт жазалаған соққыға адам.
Алатын күннен сəуле, айдан сағым,
Жарық етіп өтсе жастық қайран шағың.
Кəртейіп қасаң тартып тозу деген,
Жер ғана аржағында айғай салам.
Тұстарда көктейтіғұн көктемесең,
Қайтпайды мезгілдерге кеткен есең.
Жетпейді қысқа жіптей бір күрмеуге,
Жаным-ау бұл ғұмырды көп деме сен.
Өтіппін менде соның көп тұсынан,
Əзірге тапқанымды олқысынам.
Зу етіп өтіп кеткен уақыттай,
Аумаған арманым жүр көк құсынан.
Жасының көбейсе де келген саны,
Білмейді жылдар сырын сермес əлі.
Жылдарға қалай жауап беру үшін,
Маңдайды талай сүмек тер басады.
Шағылып ақша қарға күннің нұры,
Жақсы ғой жыл таңының бұл ырымы.
Електеп тұрмын ойда толғаныста,
Төрт мезгіл жылға ұқсаған ғұмырымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу