Өлеңдер ✍️
Өз елім
Өмірдің ашқам ұл боп сенде есігін,
Өз елім қоңыраулы төл бесігім.
Сүймесем, еміренбесем, тебіренбесем,
Көтеріп жүрмес ем бір пенде есімін.
Бағыма қалаған сен биік ірге,
Жан сезім, көңілімнің күйі бірге.
Сен ғана менің таза намысым боп,
Қанымның сіңіп кеткен түйіріне.
Əлемнің берсе алмаймын дүйім шенін,
Орыны қымбат өзі бір мүшеңнің.
Телегей жыр теңізі ақса ойымнан,
Жанымның жеткізе алмас сүю шегін.
Өз елім өлең төсек, тоты бағым,
Өзіңнен өшпес тірлік отын алдым.
Иіскесем шөлде жүріп сусын қанған,
Далаңның жалғыз түйір топырағын.
Жайым жоқ сарқырамай тынар іштен,
Тұнығын өзеніңнің туада ішкем.
Көтеріп жар тасыңдай ауырларды,
Барамын қиыныңа қуанышпен.
Көтердің биігіңе аласадан,
Қарызым шашымнан көп ана саған.
Қанымнан қасиетіңнің бірі шықса,
Өмірде бақыттымын, əне соған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter