Өлеңдер ✍️
Отан махаббаты
Мекені қасиетті алыптардың,
Отаным балыңды емдім, талықпадым.
Алысып ат жалына өзіңде алғаш,
Сырына жер бетінің қаныққанмын.
Көрмеген əлдиіңде санам тұман,
Ұлыңмын өз бағым бар заман туған.
Талпынып тал бесіктен талғар шыңға,
Ұшырдың демеп балғын қанатымнан.
Өзіңде туғаныма мақтанамын,
Жандырдың маңдайымның бақ-талабын.
Кесірлі кешеулердің кезеңінен,
Нық басып аяғымды аттағамын.
Еркелер атам да сен, анам да сен,
Əпердің көктен нені алам десем.
Сенімен тағдырым бір, тынысым бір,
Дайынмын не керекке жара десең.
Бірімін арманшыл көп түлектердің,
Табыспен айшықтаған жыл өткелін.
Ұйытып көкейге ыстық ой тұнығын,
Отан деп соққан отты жүрек бердің.
Ашуға үңілемін сыр беттерін,
Жаршымын, ізгі ісіңе міндеткермін.
Болмаса топырағыңа терім бояу,
Мен неге құрсағыңнан шыр еткенмін.
Қырсықтың шалған жылдар қысағасы,
Ұлыңның болған талай құса басы.
Табыт боп тап бергендер қалатұғын,
Өзіңсің құдіретті күш анасы.
Көрмеген аспан түссе тайып белі,
Əлемнің барма сендей байыпты елі.
Азба еді көшіңе үрген ауық-ауық,
Тарихтың қара бетті айыпкері.
Ақ сүтін арамдаған емшегіңнің,
Құрыған қарғысыңнан өңшең құйын.
Алғысың адал ұлдың анық бағы,
Ана отан мейіріңді өлшеу қиын.
Мейлі артылса да қай салмағың,
Жазыңдай жадырадым, жайсаңдадым.
Сен үшін күйінуім, сүйінуім,
Жанымды қарағай қып қайсарладың.
Жараттың құрышыңдай құйып мықты,
Дарытып тауларыңнан биіктікті.
Ағылған өзеніңдей сыршыл етіп,
Үйреттің бұлағыңнан тұнықтықты.
О, менің от құшақты отан анам,
Денеме ақ сүтіңнен қан тараған.
Бой түзеп, боз бала боп жар сүйген соң,
Енші алып оң жағыңнан отаулағам.
Тоғысқан топырығыңмен кіндік қаным,
Атыңнан бастап алғаш тілді ұққанмын.
Жүректе сенің мөлдір махаббатың,
өлеңнің құйдың ойға тұнықтарын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter