Өлеңдер ✍️
Алып ер Тоңаны жоқтау
Шеңгелін ажал салды ма,
Ер Тоңаны алды ма,
сұм дүние артта қалды ма...
Қайғылы жүрек жыртылды-ау!
Сұм ажал бүгін жылатты,
құрығын салып құлатты,
бектердің бегін сұлатты.
Қыршын да ғұмыр қырқылды-ау!
Өмірдің күні зырлайды,
адамның күшін ұрлайды,
ғұмыр да мəңгі тұрмайды,
құтылмас ешкім ажалдан.
Тəңірім торын құрғанда,
тұтылмай адам тұрған ба,
мүжілер алып шыңдар да
тағдырдың оғы қадалған.
Ажалмен тəңірім сынаған,
тұра алар қарсы кім оған,
құздар да одан құлаған,
құтылып ешкім кетпедің.
Аш арландай аларып,
қадалғаннан қан алып,
нұрлы жүздер қабарып,
тұр қайғыға қамалып
жауға шабар бектерім.
Ерлікті қаза сынады,
бектерім жасын бұлады,
бөрідей ұлып жылады,
жоқтады жыртып жағасын.
Көңілімді қайғы жандырды,
жазылмас жара қалдырды,
кешегі күнге зар қылды,
кеткенді қайдан табасың?!
Жалғанның туып заманы,
жауыздар қаптап барады,
ашылды сұмның араны,
сиреді қайран бектерім.
Біліктілер қалмады,
заман оны жалмады,
сүрінді бектің тарланы,
салды жанға жараны.
Ажал жұтып ағаны,
жауыз жайлап барады,
жақсының өшіп жанары,
дүние азып барады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter